Тісі жоқтығынан ұялып, сүйісуден қашқан қызды көлік қағып кетті

Петропавлдың Рабочий кентінде тісі жоқтығынан ұялып, сүйісуден қашқан қызды көлік қағып кетті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Qazaqstan Media ақпаратына қарағанда, 18 қазан күні кешке куәгерлер қызды жолда көлік қаққанын байқаған. Оның жанында алдыңғы әйнегі сынған Volkswagen көлігі тұрған. Куәгерлер дереу жедел жәрдем шақырған.
Оқиға былай өрбіген. Қыз жігітіне қонаққа Семейден келген. Екеуі түнгі қаланы аралап жүрген. Бір сәтте жігіт қызды сүймек болған. Алайда қыз оны күрт итеріп жіберген.
Өйткені, қыз алдыңғы тістерінің жоқтығынан ұялып, мұны серігіне көрсеткісі келмеген. Сондықтан жүріп келе жатқан көліктен түскісі келген. Ақырында ұялшақ қызды артынан келе жатқан көлік қағып кеткен. Көлік тізгінінде 69 жастағы ер адам отырған.
«Volkswagen жүргізушісі сау болған. Көлік арнайы тұраққа қойылды. Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді», – деп хабарлады полиция.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, қыз бұл оқиғаны әрі қарай ушықтырмаған. Полицияның мәліметінше, зардап шеккен қыздың ешкімге өкпесі де, талабы да жоқ. Ол бұл оқиғаны тезірек ұмытқысы келеді. Қыз жалдап тұрған пәтерін бірден босатып, Көкшетауға кетіп қалған. Ол жақта оны басқа жігіті күтіп алыпты.
Айта кететін жайт, Алматы облысында мас жүргізуші төрт жасөспірімді қағып кеткен еді.