Араб Әмірліктерінде танкерден мұнай төгілуіне байланысты жағажайлар жабылды

Біріккен Араб Әмірліктерінде танкерден мұнайдың төгілуіне байланысты Умм-эль-Кайвайн эмиратындағы барлық жағажайлар мен жағалау аймақтары уақытша жабылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
БАӘ Климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрлігі хабарлама жасады. Ластанған аумақтың нақты көлемі әлі белгісіз. Қолайсыз иісті Шарджа мен Аджман тұрғындары да сезген. Дегенмен құзырлы ведомство бұл иістің халық денсаулығына ешқандай қауіп төндірмейтінін хабарлады.
«Мамандар қоршаған ортаға келетін зиянды азайту мақсатында тазалау және салдарды жою жұмыстарын бастады. Жағалау суларын тексеру жалғасуда. Алдын алу шаралары аясында министрлік эмираттағы барлық жағажайлар мен жағалау аймақтарын уақытша жапты. Шектеулер жұмыстар толық аяқталғанша және кейінгі қажетті шаралар белгіленгенше күшінде болады», – делінген ресми хабарламада.
Министрлік тұрғындар мен туристерді апат орын алған аумақтарда балық аулаудан бас тартуға шақырды.
Мұнай төгілген кеменің атауы ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда Saudi Gazette басылымының мәліметінше, ұзындығы 330 метрлік Gem No.2 мұнай танкеріне 9-10 қазан күндері ирандық дрон шабуыл жасаған болуы мүмкін. Ол кезде кемеден 22 үндістандық теңізші аман құтқарылған болатын.
Айта кетейік, осыған дейін Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдан кемінде 12 адам қаза тауып, 309 адам жараланған еді.