Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы бұл мерекенің қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын бейнелейтінін атап өтті.
«Бұл – мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке», – деді Президент.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тәуелсіздік жылдарында көптеген сын-қатерді еңсеріп, елдің іргесін бекемдеп, мемлекеттіліктің тұғырын нығайтқанын айтты.
Президенттің сөзінше, Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдығына экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, халықаралық аренадағы беделі жоғары орта держава ретінде жетіп отыр.
«Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын, беделі зор әрі ықпалды орта держава, өркениетті мемлекет ретінде жетіп отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Конституция ел дамуына серпін береді
Президент биыл ел тарихында жаңа кезең басталғанын айтып, Қазақстанның алдағы мақсаты – мемлекеттік институттары мықты, адами капиталы сапалы және жаһандық бәсекеге қабілетті мемлекет құру екенін жеткізді.
Осы орайда ол Конституцияның заңды күшіне енуін тарихи маңызы зор оқиға ретінде атап өтті.
«Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің толығымен жаңаруына, еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларында түбегейлі өзгерістер жасауға үлкен серпін берді», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Конституцияда бекітілген құндылықтарға сүйене отырып, Қазақстан стратегиялық бағдарынан айнымай, алдына қойған міндеттерді жүзеге асыратынын айтты.
Жасанды интеллект пен жаңа өндіріс орындары
Құттықтауда елдің технологиялық дамуына да ерекше назар аударылды. Президент Қазақстанда озық технологиялар мен инновацияларды дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері ел игілігіне қолданыла бастағанын атап өтті.
Сонымен қатар заманауи өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды жаңғырту, мектептер мен ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Ең бастысы, біз алысқа көз тігетін ұлт ретінде жасампаз мақсаттар мен ұлы мұраттар жолында ұйысып, жарқын болашаққа зор сеніммен ұмтыламыз», – деді Президент.
Тоқаев қандай құндылықтарды атап өтті
Қасым-Жомарт Тоқаев білімге ұмтылу, адал еңбек, жауапкершілік пен отаншылдық қасиеттерінің қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Сондай-ақ заңға құрметпен қарау, қоршаған ортаға қамқорлық жасау, бірлік пен келісімді нығайту қажеттігін айтты.
Президенттің пікірінше, осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этика қалыптастыруға болады.
«Осылайша, егемендігіміздің тұғырын күшейтіп, Әділетті, Қауіпсіз, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Құттықтауының соңында Президент елдің бірлігі мен халықтың рухы биік болуын тілеп, көк байрақтың әрдайым биікте желбіреуіне тілек білдірді.
«Еліміздің шаңырағы биік, ұлтымыздың рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін! Республика күні құтты болсын!» – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тағы да оқыңыз: «Ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды»: Тоқаев Республика күнінің маңызына тоқталды