Қостанайда полициядан қашқан жүргізуші автобусқа соғылып қаза тапты

25 қазан кешкісін Қостанайда Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында ауыр жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Өңірлік «Наша газета» басылымы мен полицияның мәліметінше, «Volkswagen Passat» жеңіл автокөлігі мен №10 бағыттағы жолаушылар автобусы соқтығысқан.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, сағат 21:10 шамасында жеңіл көлік жүргізушісі жол ережесін бұзып, тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талабына бағынбаған. Артынан патрульдік машина түскен жүргізуші полициядан қашпақ болып, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен де, қиылыста автобусқа соғылған.
Апат салдарынан «Volkswagen Passat» жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты, ал оның қасында болған жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Соқтығысу кезінде автобус ішінде 55 жолаушы болған. Екі адамға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілсе, Қостанай облыстық жедел жәрдем станциясының дерегінше, барлығы 5 адам ауруханаға жатқызылды.
Оқиғаға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр.