Сербиядағы сайлау: Вучич жеңілгенін мойындады

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
Александар Вучич өз партиясының жеңілгенін мойындады/ AP Photo / Darko Vojinovic

Сербиядағы парламент сайлауында рекордтық қатысу көрсеткіші тіркеліп, оппозициялық «Студенттік тізім» жеңіске жетті. Бұрынғы президент Александар Вучич өз партиясының жеңілгенін мойындады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Reuters мәліметінше, Сербияда жексенбі, 25 қазан күні өткен мерзімінен бұрынғы парламент сайлауында бұрынғы президент Александар Вучич бастаған билеуші Серб прогрессивті партиясының жеңіліске ұшырағаны белгілі болды. Белградтағы Серб прогрессивті партиясының (СНС) штаб-пәтеріндегі жақтастары алдында сөз сөйлеген Вучич: «Әзірге ресми нәтижелер жоқ, бірақ бұл сайлауда жеңілгеніміз анық. «Студенттік тізім» жеңіске жетті: олар 135 пен 140 аралығында мандат алады, ал бізде 105 орын болады. Парламентке басқа ешкім өткен жоқ», – деді.

Сербияның Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, учаскелер жабылуға екі сағат қалғанда, сағат 18:00-де сайлаушылардың келу көрсеткіші 64,9%-ды құраған. Бұл – 1992 жылы Югославия ыдырағаннан бергі соңғы үш онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіш.

Сербиялық Danas басылымының хабарлауынша, Вучич жеңілісін мойындаған соң Белград тұрғындары көшеге шығып, «Студенттік тізімнің» жеңісін тойлай бастаған.

Биылғы сайлау бюллетеньдерінде 18 сайлау тізімі ұсынылғанымен, басты бәсеке Вучичтің билеуші партиясы мен «Студенттер жеңеді» тізімі арасында өтті. Соңғы қозғалыс 2024 жылдың қараша айында Сербияның солтүстігіндегі Нови-Сад қаласында теміржол вокзалының навесі құлап, 16 адам қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейінгі наразылықтар аясында пайда болған еді. Қоғам мен сыншылар бұл апатты үкіметтің сыбайлас жемқорлығы мен салғырттығымен байланыстырған болатын.

Еске салайық, қыркүйек айының соңында Александар Вучич өз партиясы жеңіске жеткен жағдайда үкімет басшысы болу үшін президент қызметінен мерзімінен бұрын кеткен еді. Оның екінші президенттік мерзімі келесі жылдың мамыр айында аяқталуы тиіс болатын, ал заң бойынша ол үшінші мерзімге түсе алмайтын еді.

Сондай-ақ оқыңыз