Түркияда 26 жастағы қазақстандық қыз биіктіктен құлап көз жұмды: СІМ мәлімдеме жасады

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
Фото: Shutterstock

Түркияның Ыстанбұл қаласында Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханова қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол көрші ғимараттың шатырына балкон арқылы өтпек болған кезде биіктіктен құлаған. Сыртқы істер министрлігі марқұмның туыстарына консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр, деп жазады Kursiv.Media.

Қайғылы жағдай 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданында болған. Түркияның DHA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 26 жастағы қазақстандық өзі тұрған үйдің алтыншы қабатындағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен. Кейін қыз ойықты жауып тұрған шатыр жабынына басып, төменге құлаған болуы мүмкін.

Оқиға орнына полиция мен медицина қызметкерлері жеткенімен, қыз сол кезде көз жұмған. Мамандар оқиға орнын тексергеннен кейін марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Түркиялық құқық қорғау органдарының мәліметінше, Айсұлу Бекмаханова елге 2026 жылдың қыркүйегінде туристік визамен келген.

Қазіргі уақытта Түркия полициясы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Сыртқы істер министрлігі қазақстандық қыздың қаза тапқанын растады. Ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, Қазақстан дипломаттары марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде.

«Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста және оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Түркияның құзыретті органдары тергеу жүргізуде, оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр», – деді Жанболат Үсенов «Курсив» басылымына берген түсініктемесінде.

Сондай-ақ СІМ өкілі тергеу барысы Қазақстан тарапының бақылауында екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз