Алматы өңіріндегі ең биік ғимарат: Alatau City-де Iconic Complex құрылысы басталды

Жарияланды
Қазақ редакциясының шеф-редакторы
Iconic Complex
Iconic Complex жобасы / фото: KursivMedia

Alatau City-де Iconic Complex жобасының құрылысын бастауға арналған іс-шара өтті. Үкімет кешенді қаланың төлқұжатына айналатын жоба ретінде таныстырды.

Іскерлік орталықтың жүрегі

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Iconic Complex Алатау қаласының болашақ іскерлік орталығының маңызды бөлігіне айналатынын айтады.

«Бүгінгі іс-шара Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар Alatau City жобасын іске асыру кезеңіне көшудің елеулі қадамдарының бірі. Президенттің жеке бастамасымен қалада бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын және заманауи басқару жүйесін қалыптастыруды көздейтін арнайы құқықтық режим құрылып жатыр. Өткен кезеңде қаланы дамытудың құқықтық және институционалды негізі қалыптастырылды, 2026 жылғы 8 мамырда Алатау қаласы туралы арнайы конституциялық заң қабылданды, оның негізгі ережелері 1 шілдеде күшіне енді», – дейді ол.

 Iconic Complex
Iconic Complex жобасы / фото: KursivMedia

Оның сөзінше, Iconic Complex – Алатау қаласы іскерлік орталығының жүрегі болмақ. Бұл аумақта ғылым мен білім беру жүйесі, іскерлік аймақ қалыптастырылмақ.

«Бұл аумақта ғылым мен білім беру жүйесі, іскерлік аймақ қалыптастырылады. Әртүрлі банктер, бизнесті дамытатын өзге де институттардың өкілдері осында отыратын болады. Бұл ғимарат Алатаудың ғана емес, Қазақстанның символдарының бірі болуы мүмкін, – дейді ол.

Алатауды дамытудағы жаңа импульс

Бас мердігер қытайлық CSCEC компаниясының басшысы Гао Бо Iconic Complex сияқты ауқымды жобалардың басталуы тұтас қала дамуына жаңа импульс беретінін атап өтті.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Бас мердігер қытайлық CSCEC компаниясының басшысы Гао Бо кешенннің символдық тасын орнату рәсімінде / фото: фото: KursivMedia

“Жобаның жүзеге асыруда жоғары стандарттар қойылған. Үздік командалар мен ресурстар тартылған. Біз ұлттық ауқымдағы жаңа сәулеттік қонақжайлық нысанды қалыптастыруға ниеттіміз. Iconic Complex Алатау қаласының басты сәулеттік символы, оның төлқұжаты, қаржылық әрі іскерлік инфрақұрылымның өзегі болады. Бұл жоба – жоспардан практикалық серіктестікке өтудің жарқын мысалы. Сонымен қатар жоба “Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен Қытайдың Орталық Азия елдерімен байланысын тереңдету аясындағы көрнекті үлгі бола алады”, – дейді Гао Бо.

Жоба хақында

Iconic Complex – Алатау қаласының аумағында Алматы-Қонаев трассасы мен Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы қиылысатын тұста бой көтеретін көпфункционалды кешен. Жалпы аумағы 300 мың шаршы метрге жуықтайды. Қос мұнара мен жапжарлас нысандардан тұрады. Басты мұнараның биіктігі – 272 метр. Бұл – Алматы өңіріндегі ең биік ғимарат болмақ. Екінші мұнара биіктігі – 78 метр. Кешен аумағында сауда орталықтары, апартаменттер, А санаттағы кеңселер, 5 жұлдызды қонақүй мен қоғамдық кеңістіктер болады деп жоспарлануда. Нысанды Burj Khalifa, One World Trade Center жобаларын әзірлеген АҚШ-тың Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросы жобалаған. Кешеннің жобалық құны – алдын ала есеп бойынша 1 млрд доллар. Оған Kaspi тобы, Alatau City Bank және мердігер қытайлық компания инвестиция құймақ. Құрылыс 2029 жылдың соңында аяқталады деп күтіліп отыр.

Бұған дейін, Алатау қаласына 2 трлн-ға жуық инвестиция тартылатыны хабарланып, президент Үкіметке Алатау қаласына тұрақты түрде қаржы бөліп отыруды тапсырған. Одан бөлек 2050 жылға дейін Алатау қаласының инфрақұрылымын дамытуға 10 трлн теңге керек болатыны айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз