Бозымбаев Iconic Complex жобасының құнын айтты

Alatau City-де қаланың басты келбеті саналатын Iconic Complex жобасының құрылысы басталды. Кешенді салып бітуге нақты қанша қаражат кететіні әзірге бергісіз.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев кешеннің нақты құны туралы айту әлі ерте екенін, шамамен 1 млрд доллардың шамасында болатынын айтады.
“Жобаға инвесторлардың қаражаты тартылады. Үкімет есебінен Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы кіріп отыр. Оның үлесі 10 пайыздай болады. Көбісі жергілікті инвесторлар – Kaspi тобы, Alatau City Bank және осы қытайлық компания (CSCEC – ред) олар қазіргі уақытта Қытай мемлекетінен рұхсатнама қағаздарын алып жатыр, – деді ол жобаның құрылысын бастауға арналған іс-шара барысында KursivMedia сауалына берген жауабында.
Бозымбаевтың сөзінше, үкімет ақшасы тек инфрақұрылымға жұмсалады. Ол бойынша жоба пысықталып жатыр.
Құрылысқа қосалқы мердігер ретінде отандық компаниялар тартылмақ. Бозымбаевтың пайымынша, соның есебінен 500 млн доллар қаражат ел экономикасында қалады.
Ал жобаның басты мердігері – қытайлық CSCEC компаниясы.
Iconic Complex
Iconic Complex – Алатау қаласының аумағыда Алматы-Қонаев трассасы мен Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы қиылысатын тұста бой көтеретін көпфункционалды кешен. Жалпы аумағы 300 мың шаршы метрге жуықтайды. Қос мұнара мен жапжарлас нысандардан тұрады. Басты мұнараның биіктігі – 272 метр. Бұл – Алматы өңіріндегі ең биік ғимарат болмақ. Екінші мұнара биіктігі – 78 метр. Кешен аумағында сауда орталықтары, апартаменттер, А санаттағы кеңселер, 5 жұлдызды қонақүй мен қоғамдық кеңістіктер болады деп жоспарлануда. Нысанды Burj Khalifa, One World Trade Center жобаларын әзірлеген АҚШ-тың Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросы жобалаған. Құрылыс 2029 жылдың соңында аяқталады деп күтіліп отыр.