Миллиардер Беловичтің ұлы Алматыда 3 млрд теңгеге ет зауытын салады

Алматы облысының Кеген ауданында «Кеген МясПром» ет өңдеу зауыты ашылды. Жобаға 3 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорынның түпкілікті иесі – Bazis A құрылыс корпорациясының негізін қалаушы Александр Беловичтің ұлы Павел Белович, деп жазады Kursiv.Media.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жаңа зауытта 50-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын тәулігіне 10 тоннаға дейін ет өңдеп, жартылай фабрикаттардың 20 түрін шығаруды жоспарлап отыр. Тәуліктік өндірістік қуаты 120 бас ірі, 100 бас ұсақ мал және 20 жылқыны етке салуға есептелген.
«Кеген МясПром» компаниясының директоры Светлана Козубакованың айтуынша, кәсіпорын техника сатып алуға мемлекеттік субсидия алған.
«Бұл өңірдің табиғаты мал өсіруге өте қолайлы. Алдағы уақытта өндірістік кешеннің жанынан 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз», – дейді зауыт басшысы.
Зауыт кімге тиесілі?
Adata деректеріне сәйкес, «Кеген МясПром» кәсіпорнының иесі – Bazis Holding Company компаниясы. Оның құрылтайшылары – Bazis Development және Инвестициялық өндірістік компания. Бұл екі компания да кәсіпкер Павел Беловичке тиесілі.
Павел Белович – Қазақстандағы ірі құрылыс корпорацияларының бірі Bazis A компаниясының негізін қалаған Александр Беловичтің ұлы.
2026 жылғы мамырда Беловичтер отбасы Forbes журналының Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкері рейтингінде 18-орынға жайғасты. Отбасының байлығы 600 млн доллар деп бағаланған.
Тақырыпқа орай: Құрылыс нарығының алпауыты – Александр Беловичтің бизнес империясы қалай құрылды