Министрлік су тасқынын болжайтын жүйені іске қосты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Фото: Shutterstock

Су ресурстары министрлігі су тасқынын болжайтын жүйені іске қосып жатыр. Бұл туралы Tengrinews-ке берген сұхбатында министр Нұржан Нұржігітов айтты деп жазады Kursiv Media.

«Біз су тасқынын болжап отыратын Talsim жүйесін құрып жатырмыз. Қазір құрғақшылықты болжап отыру үшін де техникалық мүмкіндіктер іске қосқымыз келеді. Барлық су саласына цифрландыру енгізіп жатырмыз. Су жіберу бойынша келісімдерді электронды форматқа ауыстырамыз. Ирригациялық жүйеге есептегіштер орнатып, су қоймаларының цифрлық нұсқаларын әзірлеп жатырмыз», – деді ол.

Сонымен қатар ведомство спутниктік деректерді талдауға арналған құралдар әзірлеп жатқанын да атап өтті. Олар суармалы жерлердегі су тұтыну көлемін бағалауға, сондай-ақ суды тиімсіз немесе заңсыз пайдалану деректерін анықтауға көмектеседі. Бұдан бөлек, нормативтік-құқықтық құжаттарды іздеу және талдау үшін жасанды интеллект агентін енгізу жоспарланып отыр.

Су ресуртары жүйесі әзірленіп жатыр

Нұржігітов сұхбатында су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құрып жатқанын да атап өтті.

«Осы жылы министрлік сайтында алғаш рет су ресурстары бойынша ұлттық есеп жарияладық. Ол жерде әрбір бассейн бойынша ақпарат бар. Адамдар қай жерде су бар, қай жерде су тапшылығы байқалып тұр, барлығын анық көре алғанын қалаймыз», – дейді ол.

Су тасқынын болжап отыратын жүйе туралы бірінші рет айтылып тұрған жоқ. Былтыр қыста ведомство Tasqyn атты су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі іске қосылғанын мәлімдеген еді. Ол жүйе су деңгейі, су жіберу көлемі және гидрометеоболжам бойынша мәліметтерді өңдеп, соның негізінде тасқын туралы болжам жасауы керек еді. Бірақ жаңа модель жұмысын сәтті бастамаған тәрізді. 2025 жылы брифингтердің бірінде Нұржігітов 16 су тасқынының екеуін ғана болжай алғанын растаған. Дегенмен уақыт өткен сайын жүйе жетілдіріліп отырады деп уәде берген.

Сондай-ақ оқыңыз