«Жүрек тұсынан пышақтаған»: Қызылордада бір топ бала 20 жастағы жігітті өлтіріп кетті

Қызылордада бір топ бала дәмхана маңында 20 жастағы жігітті пышақтап кетті. Маркұмның туыстарының айтуынша, бұл іске 12 адам қатысты болуы мүмкін. Ал қазіргі уақытта оның тек үшеуі ғана ұсталған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қайғылы оқиға 8 қазанда болған. Қайтыс болған жігіттің әпкесі қылмысқа қатысы бар барлық адам тергеуден тыс қалмауын талап етіп отыр.
«Қылмысқа 12 адам қатысқан деген ақпаратымыз бар. Інімді топ болып соққыға жыққан. Жүрек тұсына пышақ сұққан. Алайда қазіргі уақытта тек үш адам ғана ұсталды. Шабуылды 12 адамнан тұратын топ жасағанын растайтын куәгерлер бар. Мен 12 адамның барлығы бірдей дәрежеде кінәлі деп айтпаймын. Бірақ әрқайсысының рөлі мұқият тексеріліп, куәгерлердің түсініктемелері ескерілуін және бұл сұмдық қылмысқа қатысы бар бірде-бір адам тергеуден тыс қалмауын талап етемін», – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Ол Бас прокуратураға, ІІМ-ге, облыстық прокуратура мен полицияға жүгініп, тергеуді ерекше бақылауға алуды және барлық куәгердің түсініктемелерін тексеруді сұрады.
Бұл жазбаға өңірлік полиция департаменті үн қосты.
«8 қазанда Қызылорда тұрғынын өлтіріп кеткен дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған оқиға бойынша үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәркіленген барлық бейнежазбалар зерттелді. Оқиғаға өзге де тұлғалардың қатысы болуы мүмкін деген мәліметтер тексерілуде. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деп мәлімдеді Қызылорда облысы ПД баспасөз қызметі.
Бұған дейін Ақтөбеде ер адам қызбен жанжалдасып, артынша оны пышақтап өлтірген.