Алимент өндіру жүйесі өзгереді: Бектенов үкіметтің ұстанымын жеткізді 

Жарияланды
Ресми некеде жоқ отбасылар ажырасқанда балаға алимент төлене ме
Қазақстанда алимент өндіру тәртібі өзгереді / Фото: kusiv.media коллажы

Қазақстанда жеке сот орындаушыларының жұмысына бақылау күшейтіліп, заң бұзғанын автоматты түрде анықтау тетігі енгізілмек. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп жазады Kursiv Media.

Үкімет басшысының жауабына сәйкес, қазірдің өзінде атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жеке сот орындаушыларының қызметіне мониторинг жүргізіледі. Жүйе заңда көзделген мәжбүрлеп орындату шараларының қабылдануын және олардың уақытылы орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар үкімет заң бұзу белгілерін автоматты түрде анықтап, олардың жойылуын қадағалайтын проактивті бақылау тетігін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жүйе тексерулер мен қабылданған шаралар туралы мәліметтерді де қалыптастырады.

Депутаттық сауалға жауапта көрсетілгендей, алимент төлемеген адамды түрмеге қамау оның қарызын міндетті түрде өтейді деген сөз емес. Керісінше, түрмеге түскен адам жұмыс істеп, ақша таба алмай қалуы мүмкін. Соның салдарынан алимент төлеу мүмкіндігі де азаяды.

«Сондықтан үкімет алимент төлемейтіндерге жазаны одан әрі қатаңдату мәселесін қайта қарамақ. Бұл ретте қандай жағдайда қандай жаза қолдану керектігі және оның алименттің уақытылы төленуіне қаншалықты ықпал ететіні қосымша зерделенеді»,- деді Олжас Бектенов. 

Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке сот орындаушылары үш жылда бір рет міндетті аттестациядан өтеді. Аттестация мамандардың заңнаманы білуі мен оны іс жүзінде қолдану қабілетін бағалауға бағытталған. Қайта аттестациядан өте алмау немесе дәлелді себепсіз емтиханға келмеу лицензиядан айыруға негіз болуы мүмкін.

Сондай-ақ аумақтық әділет органдары анықталған заң бұзуды жою туралы нұсқама береді. Оны орындамау немесе тиісті шараларды қабылдамау жеке сот орындаушысының лицензиясын тоқтату мәселесін қарауға әкелуі мүмкін.

Үкіметтің мәліметінше, бұл шаралар жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттырып, атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін күшейтуге бағытталған.

Осыған дейін құрылтай депутаты Лариса Ли премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, алиментін уақытында ала алмай жүрген отбасыларға мемлекет тарапынан арнайы қолдау шараларын қарастыруды ұсынған еді. 

Тағы да оқыңыз: Астанада алимент төлейтін 5,5 мың борышкер 26 млрд теңге көлемінде табысын жасырған

Сондай-ақ оқыңыз