Қазақстанда дрон саласы бойынша екі ғылыми орталық ашылады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Погранслужба СКО предупредила жителей о военных дронах над Казахстаном
фото: shutterstock

Ел үкіметі 2026–2029 жылдары ұшқышсыз жүйелерді дамытуға арналған кешенді жоспар іске бекітілді. Құжат аясында дрон өндірісін дамыту, оларды экономиканың түрлі салаларына енгізу және кемінде 1 000 маман даярлау жоспарланып отыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады деп жазады Kursiv Media.

Дрондарды тіркеу мен ұшуға рұқсат алу жеңілдейді

Жоспар аясында ұшқышсыз авиациялық жүйелерге арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылады. Ол арқылы дрондарды тіркеу, есепке алу, ұшуға өтінім беру және маршруттарды келісу рәсімдерін электронды форматқа көшіру көзделген.

Сонымен қатар дрондардың әуе қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесі енгізіледі. Бұл рұқсат алу рәсімдерін жеделдетіп, әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда дрон өндірісі дамиды

Мемлекет отандық ұшқышсыз жүйелер өндірісін дамытуға қолдау көрсетпек. Жоспар тек дайын құрылғыларды құрастырумен шектелмейді. Аппараттық компоненттер, байланыс жүйелері мен бағдарламалық қамтамасыз етуді ел ішінде өндіру көзделген.

Отандық кәсіпорындарға мемлекеттік сатып алу тетіктері арқылы қолдау көрсету және ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндіктері қарастырылады. Сондай-ақ шикізат пен құрамдас бөлшектерді импорттау рәсімдерін жеңілдету және дайын өнімді экспорттауға жағдай жасау жоспарланған.

Дрондарды бақылау күшейтіледі

Ұшқышсыз жүйелерді пайдалану кеңейген сайын олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар да күшейтіледі. Осы мақсатта дрондарды пайдалану мен олардың айналымына қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларының бір бөлігін Ішкі істер министрлігіне беру көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, дрон иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру, байланыс арналарының киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптарды белгілеу және операторларға мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы сертификат беру мәселелері пысықталады.

Мектеп оқушыларынан бастап мамандар даярланады

2029 жылға дейін ұшқышсыз жүйелер саласына кемінде 1 000 білікті маман даярлау жоспарланған. Олардың қатарында дрон операторлары, инженерлер, бағдарламалық қамтамасыз ету мен жасанды интеллект әзірлеушілері, киберқауіпсіздік және техникалық қызмет көрсету мамандары болады.

Ол үшін мектептерде авиамодельдеу кабинеттерін ашу, STEAM кабинеттерін арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету және оқу бағдарламаларын жаңарту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жоғары оқу орындарымен және халықаралық технологиялық компаниялармен бірлесіп, кемінде екі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталық құру көзделген.

Дрондар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте қолданылады

Жоспар бойынша ұшқышсыз жүйелерді ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, логистика, коммуналдық шаруашылық, экология және төтенше жағдайларды бақылау салаларына енгізу қарастырылған.

Мемлекеттік органдар әр саладағы қажеттіліктерді зерттеп, дрондарды қолданудың тиімді бағыттарын анықтайды. Соның негізінде арнайы ұсынымдар әзірленіп, кәсіпорындарды жаңа технологияларды пайдалануға ынталандыру шаралары қабылданады.

Бұдан бөлек, дрондарға арналған арнайы алаңдар, қону және зарядтау станциялары желісін дамыту жоспарланған. 2027–2028 жылдары ұшқышсыз жүк тасымалын сынақтан өткізуге арналған пилоттық жоба іске қосылмақ.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі отандық кәсіпкерлерді, инженерлерді, әзірлеушілер мен өнертапқыштарды өз жобаларын ұсынуға және мемлекеттік қолдау алу мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

Оқи отырыңыз: Дрон, робот, ғарыш технологиясы: Қазақстан әскеріне қандай реформа қажет

Сондай-ақ оқыңыз