Банкроттық пен тұрғын үй дауларына байланысты сот істері күрт өскен

Жарияланды
Мерғалиев президентке 9 айдағы жұмысты баяндап берді/ Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады. Кездесуде сот жүйесінің биылғы тоғыз айдағы жұмысы, сот процестерін цифрландыру және азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру мәселелері талқыланды, деп жазады Kursiv.Media.

Асламбек Мерғалиевтің айтуынша тоғыз айда соттар 24,8 мың қылмыстық істі қараған. Ал азаматтық істердің саны 28,4 пайызға өсіп, 605 мыңнан асқан. Бұған банкроттыққа, тұрғын үй мен жер дауларына, сондай-ақ келісімшарттық міндеттемелерге қатысты істердің көбеюі себеп болған.

Сонымен қатар соттар 29,2 мың әкімшілік және 319 мың әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараған. Даулардың жартысына жуығы медиация және басқа да балама тәсілдер арқылы шешілген.

Кассациялық сотқа 18 мыңнан астам шағым түскен. Оларды қарау нәтижесінде апелляциялық сатыда түзетілген сот актілерінің саны екі есе өсіп, 934-тен 1704-ке жеткен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, сот жүйесіне толық сенім білдіретін азаматтардың үлесі 2023 жылдан бері 55,2 пайыздан 69,7 пайызға дейін өскен. Кездесуде сот жүйесін кадрмен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды.

Мемлекет басшысы сот төрелігінің сапасын арттыру және сот жүйесін жаңғырту жөніндегі шараларды іске асыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз