Гуманитарлық көмек жеткізу үшін Украинаның бір қаласында уақытша бітім орнады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
қираған Олешки / Ресей Украина соғысы
Қираған Олешки қаласы / фото: Украина Қарулы Күштерінің 34-ші жеке теңіз жаяу әскері бригадасының видеосынан алынған скриншот

Украинаның оңтүстігіндегі Олешки қаласына гуманитарлық көмек жеткізу үшін Ресей мен Украина арасында уақытша бітім жарияланды. Дегенмен соғыс бүкіл ел бойынша тоқтаған жоқ. Мәскеу Киевке шабуылын жалғастырып жатыр деп жазады Kursiv Media.

Украина Жоғарғы Радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец Facebook парақшасында Украина тарапы келісім талаптарын орындап жатқанын растады. Ресей Қорғаныс министрлігі Telegram арнасында Мәскеу уақытымен таңғы сағат 4-тен бастап Украинаның Херсон қаласына қарай оқ атуды тоқтатқанын хабарлады.

Олешки Днепр өзенінің арғы бетінде, Украина бақылауындағы Херсон қаласына қарама-қарсы орналасқан. Уақытша бітім азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуге, сондай-ақ тұрғындарды эвакуациялауға мүмкіндік беруі керек.

Қала халқы эвакуациялауды бір жылдан астам уақыт күтіп жүр. «Настоящее время. Европа» басылымының жазуынша, қаладан байланыс толық үзілген. Электр жарығы жоқ, азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы қатты байқалады. Волонтерлер аштықтан қайтыс болған бірнеше жағдайды тіркеген. Қазір қалада екі мыңға жуық адам бар, олардың бес жүзі – балалар.

Reuters хабарлауынша, 27 қазанда күшіне енген бітім гуманитарлық операция аяқталғанға дейін жалғасуы тиіс. Украина тарапының өкілі Дмитрий Лубинец бітімнің бірнеше күнге созылатынын, бірақ гуманитарлық миссия аяқталмайынша тоқтамайтынын айтқан. 

Соңғы күндері әлемдік қауымдастық Ресей, Украина және АҚШ арасында келіссөздер жүргізу туралы мәселені тағы көтерді. Ресей мен АҚШ делегациясының кездесуінен кейін үшжақты келіссөздерді шамамен 10 қарашада қайта басталуы мүмкін деген ақпар тарады. Кездесу өтетін орын ретінде Абу-Даби қарастырылып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз