«Шин-Лайн» Қазақстанда 50-ден астам корей мейрамханаларының филиалын ашады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
«Шин-Лайн» Қазақстанда 50-ден астам корей мейрамханаларының филиалын ашады
фото: Koreaherald.com

Оңтүстіккореялық Mom’s Touch жылдам тамақтану мейрамханалар желісі алдағы он жылда Қазақстанда 50-ден астам филиалын ашуды көздеп отыр. Алғашқы мейрамхана 2027 жылдың бірінші жартысында жұмысын бастауға тиіс, деп хабарлайды Kursiv.Media The Korea Herald сайтына сілтеме жасап.

Mom’s Touch Қазақстан нарығына шығу үшін кәсіпкер Андрей Шиннің «Шин-Лайн» компаниясына қарасты «Mom’s Touch Central Asia» ЖШС-мен мастер-франшиза шартын жасасты. Келісім аталған мейрамхана желісін Қазақстанда ғана емес, Қырғызстанда да дамытуды қарастырады. Серіктестер алдымен мейрамханаларды Қазақстанның ірі қалаларында, соның ішінде Астанада ашып, кейін көршілес нарықтарды игеруге кірісуді көздеп отыр.

Қазақстандағы Mom’s Touch мәзірінде негізінен тауықтың сан етінен жасалған бургерлер, қуырылған тауық еті және пицца болады. Мұнда бір мейрамханада тез дайындалатын тағамдардың бірнеше санатын біріктіретін QSR (quick service restaurant) форматын қолдану жоспарланған.

Mom’s Touch – Оңтүстік Кореядағы ең ірі жылдам тамақтану желілерінің бірі. Компанияның өзі ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартысында ішкі нарықта оның 1500-ден астам мейрамханасы болған. Оңтүстік Кореядан тыс желі мейрамханалары Жапония, Моңғолия, Таиланд, Лаос және Сингапурда жұмыс істейді. 2025 жылы компания Өзбекстан нарығына шығу туралы франчайзингтік келісім жасасып, ол жерде 60-қа жуық мейрамхана ашуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Шин-Лайн» 1995 жылдан бері жұмыс істейді және Орталық Азиядағы ең ірі балмұздақ өндіруші компания. Балмұздақтан бөлек, компания тоңазытылған жартылай фабрикаттар мен тез дайындалатын кеспе шығарады. 2024 жылдан бастап «Шин-Лайн» CU корей дүкендер желісін дамытып келеді.

Бұған дейін Қазақстанда корей балмұздағы шығарылатынын жазған едік. Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Шин-Лайн» компаниясы және Оңтүстік Кореяның Sungwon Machinery Co., Ltd. компаниясы үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз