
Үкімет газ үшін қарызы қордаланып қалған ірі кәсіпорындардың мәселесін тағы талқылады. Жиын соңында жергілікті әкімдер мен кәсіпорындарға борышын жыл соңына дейін өтеуді тапсырды, деп жазады Kursiv.Media.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қандай мекемелер жаққан отынының ақшасын төлемей отырғанын баяндаған.
Кеңеске қатысушылар тариф саясатын, жинақталған берешекті өтеу бойынша нақты шараларды талқылаған.
«Кеңес қорытындысы бойынша өңірлердің әкімдіктері мен энергетикалық кәсіпорындарға жеткізілген газ үшін берешекті ағымдағы жылдың соңына дейін өтеуді, оның алдағы уақытта жинақталуына жол бермеуді қамтамасыз ету тапсырылды»делінген хабарламада.
Жылу электр орталықтары мен электр станцияларының QazaqGaz Aimaq алдындағы борышы жыл сайын артып келеді.
Қазір ірі кәсіпорындар мен халықтың газға төлемеген қарызы 102 млрд теңгеден асты. Соның 73,7 млрд теңгесі ірі электр станциялары мен коммуналдық мекемелердікі болса, ал халықтың газға берешегі 30 млрд теңгеге жуықтап қалған.
Ең ірі борышкер – 38,6 млрд теңге қарызы бар «МАЭК» ЖШС. «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» – Маңғыстау өңірін электр энергиясы, жылу және сумен қамтамасыз етіп отырған ірі кәсіпорын. 100 пайыз акциясы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына тиесілі.
Одан кейінгі орында 14,3 млрд теңге қарызы бар «Жамбыл ГРЭС» АҚ тұр. Бүкіл облысты электр энергиясы және жылумен қамтып отырған кәсіпорын «Таразэнерго-2005» компаниясына тиесілі. Ал түпкі иелері – 131 млн доллар байлығымен Forbes тізіміне кіретін Владимир Сидельковский мен дәулеті 102 млн долларды құрайтын Эршат Салимов.
Қарыз көлемі бойынша үшінші орында «Ақтөбе ЖЭО» АҚ (6,8 млрд теңге) тұр. Жылу-электр орталығының құрылтайшысы – Inform Sistem компаниясы. Түпкі иесі – Қорлан Шәріпбаева мен Араб Әмірліктерінде тіркелген ORIZZONTE SOLIDO GROUP FZE компаниясы. Қорлан – QazaqGaz компаниясының бұрынғы басшысы, Қайрат Шәріпбаевтың қызы.