Магистратура мен докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталады

28 қазанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге және докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталады, деп жазады Kursiv.media.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы беруге болады.
«Кешенді тестілеуге өтініш беру 2026 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады. 28 қазан мен 10 қараша аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бейінді магистратураға түсушілерден құжаттар қабылдайды», – делінген хабарламада.
Ал докторантураға түсу емтиханына қатысуға өтініш қабылдау 2026 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады.
Докторантураға түсушілер емтиханға қатысу үшін өтініш бергенге дейін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиясына құжаттарды тапсыруы қажет.
Докторантураға түсу үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді, сондай-ақ шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсыну керек. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар емтихан басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді тапсырады.
Айта кететін жайт, биыл магистратураға 10 462 білім беру гранты бөлінді. Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 9 344 адам грант иегері атанды.