Алматыда жолдағы жанжалдан кейін 20 жастағы жүргізушіден тапанша табылды

Алматыда Құлжа тасжолында орын алған жол-көлік жанжалынан кейін полиция қызметкерлері 20 жастағы автокөлік жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жанжалға қатысқан екінші жүргізуші сөзге келіспей қалған сәтте жас жігіт тапаншаға ұқсас затты көрсетіп, сес көрсеткенін айтып шағымданған. Оқиға туралы ақпарат бірден Медеу аудандық патрульдік полициясына жеткен.
«Тәртіп сақшылары іздестірілген автокөлікті Құлжа тасжолы мен Тарасов көшесінің қиылысынан тауып, жолын бұғаттады. Көлікті тексеру барысында тергеу-жедел тобы травматикалық тапаншаны тауып, тәркіледі», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаменті.
Қазіргі уақытта полицейлер жас жігіт бұл қаруды қайдан алғанын және оны көлікте не үшін тасымалдағанын анықтап жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Алматыда әйелді ойыншық қарумен қудалаған жүргізуші ұсталған еді.