Тимур Турлов FIDE басқару жүйесінің реформасын таныстырды

Жарияланды 28 Қазан 2026 09:47

Данил Тумашевич

Данил Тумашевич

Шеф-редактор d.tumashevich@kursiv.kz
Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Тимур Турлов
Делия Айдаралиева, бильд-редактор: Дастан Шанай

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) жаңа ұйымдастырушылық құрылымын бекітті. FIDE президенті Тимур Турлов басқарушы орган мен әкімшілік бөлімшелер арасындағы өкілеттіктердің қайта бөлінгенін хабарлады.

Федерацияның сайтында жарияланған үндеуінде Тимур Турлов FIDE- дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын, бұл басқару жүйесін өзгертуді талап ететінін атап өтті.

«FIDE президенті лауазымына өз кандидатурамды ұсынған кезде, ұйымды жаңа деңгейге шығару қажеттігі туралы айтқанмын. Бүгін мен осы бағыттағы алғашқы маңызды қадамдардың бірін – FIDE-нің жаңа ұйымдастырушылық құрылымын таныстырғым келеді», – деді ол.

Өкілеттілікті бөлу

Жаңа үлгіге сәйкес, Бас ассамблея жоғары басқарушы орган болып қала береді. FIDE Кеңесінің рөлі кеңейтіледі: оның мүшелері стратегиялық басымдықты айқындау және оның жүзеге асырылуын бақылауға белсенді қатысады.

Басқарушы органдар мен комиссиялар қызметін қамтамасыз ету үшін басқару мәселелері жөніндегі хатшылық құрылады.

Кадрлық тағайындаулар

Әділ Қожықов FIDE Президенті Офисінің басшысы болып тағайындалды. Ол бірнеше жыл бойы Тимур Турловтың кеңесшісі лауазымын атқарған. Офис стратегиялық басымдықтар және ірі халықаралық жобаларға жетекшілік етеді.

Қазақстандық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов жаңадан құрылған Консультативтік кеңесті басқарды. Оның құрамына түрлі салаларда халықаралық тәжірибесі бар мамандар кіреді. Кеңес федерацияның ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеу және жаңа бастамаларға сараптама жасауға қатысады.

Бұған дейін Халықаралық мектеп шахматы федерациясының (ISCF) бас директоры қызметін атқарған Алина Дворецкая FIDE-нің бас хатшысы болып тағайындалды. Оның басшылығымен ұйымның күнделікті қызметіне жауап беретін әкімшілік жұмыс істейтін болады.

Тимур Турловтың айтуынша, федерация командасы жаңа мамандар мен тәжірибелі қызметкерлерді ұштастыру негізінде жасақталады.

«Сайлауалды науқан кезінде FIDE басшылығына жаңа адамдарды тартуға сөз берген едім. Бұл міндеттемені біз жүйелі түрде орындап келеміз», – деп атап өтті федерация президенті.

Реформаның мақсаты қандай

Өзгерістер шешім қабылдаудың ашықтығын арттыруға, жауапкершілік аймақтарын айқын жіктеу және басшылықтың ауысуына қарамастан стратегияның сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Басқару реформасымен қатар FIDE ұлттық федерацияларға қолдауды кеңейту, шахматтық білім беруді дамыту, халықаралық серіктестерді тартуды және заманауи технологияларды енгізуді жоспарлап отыр.

Тимур Турлов жаңа басқару үлгісін «Жаңа FIDE» тұжырымдамасының негізі деп атады. Оның айтуынша, реформаның тиімділігі ұлттық федерациялар мен әлемдік шахмат қауымдастығы үшін қол жеткізілген нақты нәтижелер бойынша бағаланады.

Үндеудің толық мәтіні FIDE сайтында жарияланған.

Тимур Турловтың FIDE президенті болып сайлануы

2026 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстан шахмат федерациясының президенті әрі Freedom Holding Corp. CEO-сы Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайланды. Сайлау Самарқандта (Өзбекстан) ұйымның Бас ассамблеясы аясында өтті. Жасырын дауыс берудегі екінші турда Турлов 196 дауыстың 110-ын жинады. Онымен бірге беске дүркін әлем чемпионы Вишванатан Ананд президенттің орынбасары лауазымына сайланды.

Сайлауалды бағдарламасы аясында Тимур Турлов шахматты дамытуға 6 млн доллардан астам инвестиция салу және шағын ұлттық федерацияларға бағытталған арнайы қолдау қорын құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Жаңа басшылық FIDE-ні ауқымды цифрландыру, заманауи цифрлық платформа құру, қаржыландыруды ұлғайту және маркетингті нығайтуға басымдық берілетінін атап өтті. 2026 жылғы 27 қыркүйекте 46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының жабылуында сөйлеген сөзінде Турлов FIDE-нің ұзақ мерзімді басты мақсаты – шахматты Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу екенін айтты.

Турловты сайлаудағы жеңісімен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтады. 2026 жылғы 7 қазанда Тоқаев FIDE-нің жаңа басшысын Ақордада қабылдады.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті қазақстандық меценаттың сайлануы елдің әлемдік спорт аренасындағы беделінің артып келе жатқанын білдіретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы құрамалардың дайындығын күшейту, өңірлік инфрақұрылымды дамыту және кадрларды даярлау қажеттілігін меңзеп, бүгінгі таңда Қазақстанда 278 мыңнан астам адамның шахматпен жүйелі түрде айналысатынына тоқталды.

Сондай-ақ оқыңыз