Канаданың Ivanhoe Mines компаниясы Қазақстаннан мыс іздейді

Канадалық Ivanhoe Mines компаниясы Қазақстанның төрт облысындағы мыс кен орындарының нақты корын анықтау үшін 16,5 мың шаршы километр аумақта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп министрлігі хабарлады, деп жазады KursivMedia.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Ivanhoe Mines тау-кен өндіру компаниясының Корпоративтік даму және инвесторлармен байланыс жөніндегі атқарушы вице-президенті Александр Пикардпен кездескен.
Тараптар әлемдегі ең ірі мыс белдеулерінің бірі – Шу-Сарысу бассейні бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстанның жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосылу жоспары да айтылды.
Ivanhoe Mines компаниясы қазірдің өзінде Жамбыл, Түркістан, Қызылорда мен Ұлытау облысында жобаларын жүзеге асырып жатыр. Учаскелердің жалпы ауданы шамамен 16 500 км² құрайды.
«Егер нысандардың өнеркәсіптік тұрғыдағы маңызы расталса, қорларды бағалау, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу және өнеркәсіптік өндіру кезеңіне көшу көзделіп отыр. Бұл ретте Қазақстан аумағында тиісті инфрақұрылым құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылады», – деп хабарлады министрлік.
Сарапшылар Шу-Сарысу бассейнінде 27 миллион тоннадан астам мыс қоры бар екенін хабарлады. АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) қосымша есебінше, бұл аймақтың әлі ашылмаған ресурстары 25 миллион тоннаға бағаланып отыр.
Осы жобаларды жүзеге асыру үшін Ivanhoe Mines бастапқы кезеңде 18,7 млн доллар бөледі. Алдағы төрт жылда бұл қаржыландыру көлемін 115 млн долларға дейін ұлғайту көзделген.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Елде жыл сайын шамамен 160 миллион тонна кен өндіріліп, 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады.