Төрт айда әлеуметтік жобалар үшін Ұлттық қордан 1,5 трлн теңге алынбақ

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

2026 жылдың соңы мен 2027 жылдың қаңтар-ақпан айларында Ұлттық қордан 1,5 трлн теңге алынбақ. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында мәлімдеді.

«Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет», – деді президент.

2029 жыл соңына дейін қордан жалпы 6,5 трлн теңге алынып, инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалады.

«Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты. Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады», – деді мемлекет басшысы.

Бұл ретте президент ұлттық қордың ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру міндетін лайықты орындап келе жатқанын атап өтті.

«Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз», – деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды.

Қазіргі кезде Қазақстаның халықаралық резерві 130 млрд доллардан асты. Соның ішіде Ұлттық қор активтерінің көлемі 66,7 млрд долларды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз