Үкімет онлайн жұмыс істейтіндерге арналған жаңа тәртіп әзірлейді

Қазақстанда цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимі әзірленеді. Үкімет оны жыл соңына дейін қалыптастыруы керек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні коммерцияландыру, активтерді токенизациялау, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформалық экожүйелерді дамыту бағытындағы жұмысты енді ғана бастады.
Мемлекет басшысы экономикада цифрландыруды іс жүзінде қолдану бағдарламасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Қазір миллиондаған қазақстандық маркетплейстерді, тамақ жеткізу және такси шақыру сервистерін, сондай-ақ банк қызметтерін күнделікті пайдаланады. Бұл бағытта Қазақстан көптеген дамыған елден озып кеткенін де айтты.
«Бірақ алға қарай ұмтылуымыз керек. Бізде шынымен жоғары өнімді цифрлық экономиканы дамытуға қуатты серпін беретін барлық мүмкіндік бар», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, елде білімді әрі креативті жастар бар, интернет қолжетімді және цифрлық инфрақұрылым қалыптасқан. Қазір азаматтар үйден шықпай-ақ бірнеше минут ішінде банк шотын ашып, бөліп төлеуді рәсімдеп немесе тауар сатып ала алады.
Алайда президент цифрландырудың келесі кезеңінде қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етумен шектелмей, азаматтардың жеке мүмкіндіктерін кеңейтуге көшу қажеттігін айтты.
«Біздің мақсатымыз – шын мәнінде халыққа арналған цифрлық экономиканы құру. Қоғамдық санада интернет тек тұтыну мен көңіл көтеру кеңістігі ретінде емес, жасампаздық пен еңбек етудің виртуалды аумағы ретінде қабылдануы керек», – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев смартфондарды тек уақыт өткізу құралы емес, тиімді жұмыс құралына айналдыру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастырады.