Бизнеске үш жыл мораторий: депутат қандай жағдайда тексеріс жүргізілетінін айтты

Мемлекет тарапынан негізсіз тексерулерді азайту үшін шағын бизнесті қолдау мораторийінің критерийлері қайта қаралады. Жаңа ережеге сәйкес, кәсіпкерлердің адалдығын анықтайтын басты талап – салықты уақтылы төлеу болмақ. Бұл туралы құрылтай депутаты Айдос Сарым мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Соңғы уақытта кәсіпкерлермен өтетін кездесулерде физикалық тексеру көбейгені жиі сөз болып жүр. Бұл мәселе бизнес өкілдері арасындағы психологиялық және эмоционалдық ахуалға тікелей әсер етеді. Сондықтан мораторий шеңберінде тексеру жүргізудің анық әрі ашық критерийлерін белгілеу өзекті болып отыр.
Мораторийдің негізгі критерийлері
Депутаттың айтуынша, кәсіпкердің адал жұмыс істеп жатқанын дәлелдейтін ең басты фактор – салық міндеттемелерін орындауы.
«Басты талап – салықты уақтылы төлеу болмақ. Сонымен қатар, стратегиялық маңызы бар салаларға зиян келтірмеу және халықаралық немесе ішкі шектеулерді (санкцияларды) айналып өту сияқты заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу басты талап ретінде қойылады. Егер бизнес мұндай ауыр құқықбұзушылықтарға бармаса, оларды негізсіз мазалап, қосымша тексерулер жүргізудің қажеттілігі жоқ», – дейді депутат.
Тарихи тәжірибе
Айдос Сарым елімізде мұндай тәжірибе 1990 жылдан бері келе жатқанын еске саалды. Осы уақытқа дейін шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бір жылдық немесе үш жылдық мораторийлер бірнеше рет енгізілген болатын. Бұл тәжірибе бизнесті дамытуға оң ықпал еткенін көрсетті. Ал жаңа кезеңдегі реттеу шаралары да адал кәсіпкерлікке кедергі келтірмей, тек тәуекелі жоғары салаларға бақылау жүргізуді көздейді.
Сонымен қатар 0ұрылтай депутаты Снежанна Имашева бизнесті негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартпас үшін экономикалық баптарды декриминализациялау созылып жатқанын атап өтті.
«Бизнесте нені алаяқтық деп санау керек, ал нені азаматтық сотта қарау керектігін заңда нақты ажыратып алуымыз қажет. Сонымен бірге компания директоры мен бухгалтерін бірден «қылмыстық топ» деп айыптауға жол бермейтін нормаларды толық жетілдіруіміз керек», – деді Снежанна Имашева.
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз ;олдауында бизнеске тағы үш жылға мораторий енгізуді ұсынған еді.