Банктер халықтың депозиттегі ақшасына қанша пайыз сыйақы төлейді

Ұлттық банк депозит пен кредиттің орташа сараланған пайыздық мөлшерлемесін жариялады. Мәліметке сәйкес, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар үшін қаржы шарттары біршама өзгерген.
Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша орташа сараланған мөлшерлеме қыркүйекте сәл өсіп, 14,7%-ды құрады. Тамызда 14,6% болған еді. Ал валюталық жинақтар бойынша пайыздық ставка өзгеріссіз қалды – 0,9%.
Бұл ретте банктер 1-3 ай аралығында ашылған депозиттерге ең жоғары мөлшерлеме ұсынып отыр. Үш айға дейінгі депозитте қаржыны 17,4 пайызбен сақтауға болады.
Заңды тұлғалар депозитінің пайызы сәл азайды. Компаниялардың теңгедегі депозиттері бойынша мөлшердеме 15,5%-ға дейін төмендеді. Тамыздағы көрсеткіш 15,8%-ды құраған. Сонымен қатар валюталық салымдардың мөлшерлемесі де 2%-дан 1,8%-ға дейін азайды.
Бизнестің үш айға дейін ашқан депозитіне 15,6 пайыз сыйақы есептеледі.
Несие мөлшерлемесі қалай өзгерді
Жеке тұлғалардың теңгемен алған несиесінің пайызы әлі де қымбат болып тұр. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 21,9%-ды құраған. Ал шетел валютасындағы несиелердің пайызы тамыздағы 4,1%-дан бірден 6,6%-ға дейін көтерілді.
Заңды тұлғаларға келетін болсақ, оларға теңгеде берілетін несие мөлшерлемесі 19,3%-дан 19%-ға дейін төмендеді. Ал компаниялардың шетел валютасындағы несиесінің орташа пайызы 6,7% деңгейінде өзгеріссіз қалды.
Қаңтар–тамыз айларында халықтың банктегі депозиті 30,5 триллион теңгеден асқан. Атап айтқанда, теңгедегі салымдар 12,2%-ға көбейіп, 24,7 триллион теңгеге жетсе, шетел валютасындағы жинақтар 5,6%-ға азайып, 5,9 триллион теңгені құрады.