Путинге видеоүндеу жасаған қазақстандық әйелді ҰҚК ұстады

Желіде Ресей әскерін Қазақстанға кіргізуді сұраған белгісіз әйелдің даулы видеосы тарап, қолданушылардың ашуын туғызған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті видео авторын ұстады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбада ол өзін Екібастұз қаласының тұрғыны Ольга Мухамеджанова деп таныстырған. Әйел қазақтарға тіл тигізіп, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге үндеу жасаған.
Ресей «Қазақстан қалаларын өзіне қайтаруы тиіс» деген сепаратистік мәлімдеме жасаған. Өз сөзін бейәдеп сөздермен аяқтаған ол кадр сыртындағы адамнан бұл сөздерді айту міндетті болды ма деп сұрап күлген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің хабарлауынша, азаматша жедел анықталып, Павлодар қаласында ұсталды.
«ҰҚК органдары прокуратураның үйлестіруімен Павлодар қаласында сепаратистік сипаттағы видео жариялады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Тиісті сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұған дейін ол есірткі заттарын өткізгені үшін сотталған. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады ҰҚК өкілдері.
Айта кетейік, осыған дейін ҰҚК Қазақстан аумағында қылмыстық топ құрды деген күдікпен 13 Қытай азаматын ұстаған еді.