Президент Испаниядағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Испания Королі VI Фелипеге телеграмма жолдады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Президент Толедо провинциясында болған пойыз апаты салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Корольге, қаза тапқандардың отбасыларына және бүкіл Испания халқына қайғырып көңіл айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысы зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Испанияда екі пойыздың соқтығысуы салдарынан қаза тапқандар саны 64 адамға жеткен. Тағы 80-ге жуық жолаушы түрлі жарақат алып, оның 50-і ауыр жағдайда жатыр.
Соқтығысқан пойыздардың бірі мемлекеттік RENFE компаниясына тиесілі. Оның ішінде 397 жолаушы болған. Екіншісі жеке меншік IRYO компаниясына тиесілі, онда 147 жолаушы отырған.
Испанияның теміржол желісін басқаратын ADIF компаниясының хабарлауынша, Мадрид, Сьюдад-Реаль және Андалусия арасындағы теміржол қатынасы тоқтатылған.