Ұлытау облысындағы «Құрылтай» учаскесі геологиялық барлау үшін аукционға шығарылды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Ұлытау облысындағы «Құрылтай» учаскесі аукционға шығарылды
Ұлытау облысындағы «Құрылтай» учаскесі аукционға шығарылды / фото: e-auction

Энергетика министрлігі Ұлытау облысында орналасқан «Құрылтай» көмірсутек учаскесін геологиялық барлау үшін электрондық аукционға шығарды, деп хабарлайды Kursiv.media.

Учаске аумағы 1 177,34 шаршы шақырым, бастапқы қол қою бонусы – 21,625 млн теңге. Аукцион 2026 жылғы 23 желтоқсанға белгіленген, өтінімдер 12 қарашаға дейін қабылданады.

Аукцион шарттарына сәйкес, бастапқы кезеңде жер қойнауын пайдаланушы аумақтың кемінде 30%-ында 2D-сейсмобарлау жұмыстарын жүргізуге тиіс. Бұл жұмыстардың бағалау құны – 1,2 млн доллар. Келесі кезеңде кем дегенде бір барлау ұңғымасын бұрғылау көзделген. Барлау кезеңі – үш жылдан аспайды.

Егер учаскеде 100 млн тоннадан астам мұнай немесе 50 млрд текше метрден астам газ қоры табылса, жер қойнауын пайдаланушы ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінде көзделген міндеттемелердің бірін өз мойнына алуы тиіс: бұл өңдеу қуаттарын құру немесе жаңғыртудан бастап, шарттық негізде қазақстандық кәсіпорындарға шикізат жеткізуге дейінгі аралықты қамтиды.

Аукционда жеңіске жеткен компания барлық тәуекелді өз мойнына алып, аймақты дамытуға көмектесуі керек. Негізгі талаптар келесідей:

  • Жұмыс пен қызметтің кемінде 70%-ын, ал тауарлардың 30%-ын қазақстандық компаниялардан алуы тиіс.
  • Оған қоса, жергілікті мамандарды оқытуға, ғылымға және ауданды көркейтуге қаражат бөлуі қажет.

Бұл жоба Ұлытау облысына жаңа жолдар мен нысандар салып, инвестиция тартуға үлкен мүмкіндік, ал мемлекетке жаңа мұнай-газ орындарын табудың жолы. Дегенмен «Құрылтай» учаскесінің қаншалықты пайдалы болатыны жерді бұрғылап, зерттеп көргеннен кейін ғана белгілі болады.

Бұған дейін геологиялық барлау үшін жер қойнауының 100 учаскесі аукционға шығарылатыны белгілі болған.

Сондай-ақ оқыңыз