«Ұмай» бағдарламасына өтінім қабылдау 3 қарашада басталады

«Ұмай» әйелдерге арналған ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдаудың екінші кезеңі 3 қарашада басталады. Отбасы банкінің хабарлауынша, екінші кезеңде 20 млрд теңге қарастырылған.
«Бағдарламаның алғашқы кезеңінде 9 млрд теңге бөлінді. Осы уақытқа дейін 420 несие берілді. Тағы 230-ға жуық әйел баспана іздеп жүр», – деп хабарлады банк.
3 қарашадан бастап несие алуға үш түрлі жолмен өтінім беруге болады:
Банктің сайтындағы «Бейнеқызмет көрсету» сервисі арқылы. Оператор кеңес беріп, сұрақтарға жауап береді және өтінімді онлайн қабылдайды. Ол үшін электрондық құжат болуы керек.
Отбасы банкінің кеңесшілері арқылы. Өтінім қабылданатын күні маман өтінімді бейнебайланыс арқылы немесе жақын жердегі кеңес беру орталығында қабылдай алады. Кеңесшілердің тізімі банктің сайтында жарияланған. Маман таңдаған кезде оның қызметтер тізімінде «Төлем қабілеттілігін алдын ала бағалау» және «Несие алуға арналған құжаттарды қабылдау» қызметтерінің бар екеніне көз жеткізу қажет.
Отбасы банкінің бөлімшесіне жүгіну арқылы.
Бағдарлама шарттары
- «Ұмай» бағдарламасының шарттары өзгеріссіз қалды.
- Кредиттің ең жоғары сомасы – 50 млн теңге.
- Пайыздық мөлшерлеме – жылдық 14,8%.
- Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 16,3%-дан 16,8%-ға дейін.
- Отбасының табысы – отбасының орташа айлық таза табысы 1 250 000 теңгеден аспауға тиіс.
- Табысты растау – соңғы 6 айдағы ресми табыс қажет.
Бастапқы жарна мөлшері баспана сатып алғыңыз келетін қалаға байланысты болады. Астана мен Алматыда 20%-дан басталса, басқа қалаларда 15%-дан басталады.
Қандай үй алуға болады
«Ұмай» бағдарламасы бойынша бастапқы және екінші нарықтағы баспананы сатып алуға болады.
Құрылысы жүріп жатқан үйді Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚТК) кепілдігі болған немесе сақтандыру құралы қолданылған жағдайда ала аласыз.
Бастапқы нарықтағы тұрғын үйді тек Отбасы банктің Baspana Market маркетплейсі (otbasybank.kz) арқылы таңдауға және сатып алуға болады.
Сатып алынған тұрғын үй әйелдің атына рәсімделеді. Егер қарыз алушы некеде болса, жылжымайтын мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі ретінде рәсімделеді. «Ұмай» бағдарламасы бойынша кредит алуға өтінім берген кезде жұбайы да қатысуы қажет.
Бұған дейін Азия даму банкі «Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасы аясында Отбасы банкке 20 млрд теңге көлемінде жаңа транш бөлуді мақұлдады.