«Еш нәтиже шығармады»: «Самұрық-Энерго» басшысы қызметінен неге кетті

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Қайрат Мақсұтов / Самұрық Энерго
фото: samruk-energy.kz

29 қазанда өткен үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасын неге жұмыстан босатқанын айтты, деп жазады Kursiv.Media.

«Жаңа өндіріс ошақтарын іске қосуға, құрылыс мерзіміне өз дәрежесінде бақылау жасамағаны үшін кеше «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовты қызметінен босату туралы шешім қабылданды. Оған бірнеше рет ескерту жасаған, бірақ ол еш қорытынды шығармады. Сондықтан кеше президент тарапынан қатаң сын айтылды, артыншы тиісті шешім қабылданды», – деді Бектенов.

Осыдан кейін премьер Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» қорымен бірге инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуді тапсырды.

28 қазандағы жолдауында Тоқаев елде өндірілетін электр энергиясының көлемі жеткіліксіз екенін айтқан.

«Қазақстан 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Өнеркәсібі, құрылыс саласы және агроөнеркәсіп кешені дамып келе жатқан ел үшін бұл көлем мүлде жеткіліксіз«, – деген еді ол.

Осыдан кейін бірнеше сағат өтпей жатып «Самұрық-Энерго» басшысы қызметінен босатылды. Бұл қызметте үш жылға жуық отырды. Босаған лауазымға кім келетіні әзірге белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз