Баламалы энергия саласына арналған бес кәсіби стандарт әзірленіп жатыр

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласында алғаш рет бес кәсіби стандарт әзірленіп жатыр. Олар күн және жел энергетикасы, сондай-ақ жасыл сутек өндіру бағыттарындағы мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын белгілейді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Стандарттар күн және жел электр станцияларын жобалау, салу, іске қосу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ жасыл сутек өндіру салаларындағы мамандардың біліктілігіне қойылатын талаптарды қамтиды.
Жобаларды әзірлеу кезінде энергетиканы цифрландыруға да мән берілген. Атап айтқанда, цифрлық мониторинг жүйелерін, автоматтандырылған басқару құралдарын, өндірістік деректерді талдау мен жасанды интеллект технологияларын қолдануға қатысты талаптар енгізілген.
Бұл жұмыс премьер-министр Олжас Бектеновтің жасанды интеллект пен цифрлық құзыреттерді қамтитын 100 кәсіби стандарт әзірлеу және бекіту жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар 2027–2029 жылдары жаңартылатын энергия саласындағы мамандардың біліктілігі мен дағдыларын дамыту, кадр даярлау мәселелері бойынша салалық жоспар қаралды.
Алдағы уақытта бес кәсіби стандарттың жобасы көпшілік талқылауы үшін «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында жарияланады.
Ал Қазақстанның үш облысында жел және күн электрстансалары салынбақ.