Freedom Holding цифрлық инфрақұрылымды дамытуға инвестиция тартты

Freedom Holding Corp. тобы мен Kokzhiyek Fund L.P. қоры облигациялық қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Аталған қордың негізгі инвесторы – «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы «Qazaqstan Investment Corporation».
Уағдаластық аясында Қазақстандағы ауқымды инвестициялық жобалар қаржыландырылады. Олардың қатарында дата-орталықтар, жасанды интеллектке арналған есептеу кластері, магистральдық байланыс желілері, халықаралық байланыс арналары мен платформаларын дамыту бар.
Сондай-ақ қаражат трансшекаралық сауда мен логистиканы, экономиканың басқа да салаларындағы жобаларды өркендетуге бағытталады.
Freedom цифрлық әрі технологиялық инфрақұрылымы мен сервистерін жүйелі түрде дамытып келеді. Компания телекоммуникациялық активтерінің қатарын арттырып, мемлекеттік органдармен бірлесе цифрлық және есептеу инфрақұрылымын құрып жатыр.
Бұл келісім – топтың даму жоспарының бір бөлігі. Аталған жобаларды іске асыру клиенттер мен бизнеске арналған цифрлық шешімдер аясын кеңейтуді көздейді.
Freedom компаниясының «Бәйтерек» тобының еншілес ұйымымен ынтымақтастығы институционалдық капиталдың мүмкіндіктерін жеке бизнестің тәжірибесімен және технологиялық сараптамасымен ұштастырады.
Мұндай әріптестік стратегиялық жобаларды жеделдетіп, Қазақстан экономикасының өсуіне жаңа серпін бермек.
Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов:
«Мұндай ауқымдағы келісім – жобалардың маңызын мойындаудың белгісі, ал «Бәйтерек» тобының қатысуын Freedom-ға деген сенім ретінде бағалаймыз. Біз Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын әлемдік деңгейге жеткізіп, оның тек өңірлік деңгейде ғана емес, жаһандық нарықта да бәсекеге қабілетті болуына ұмтыламыз. Ол үшін тиісті ауқымдағы технологиялық қуат, байланыс арналары мен логистикалық инфрақұрылым қажет. Келісім аясындағы қаржыландыру еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамыту және цифрлық егемендігін нығайтуға бағытталған ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Freedom Holding Corp. – қаржы қызметтерін көрсететін, телекоммуникация, әуе билеттері мен мәдени және спорттық іс-шараларға билеттерді онлайн сату, онлайн-супермаркет қызметтерін ұсыну және басқа да көптеген бағыттарда қызмет атқаратын әртараптандырылған компания. 22 мемлекетте өкілдіктері бар және Nasdaq биржасында (FRHC тикерімен) саудаланатын Freedom Holding Corp. құрамында 11,8 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.