Америка тарихындағы ең жемқор президент – Трамп па

АҚШ-тың қазіргі басшысы Дональд Трамп бұқара бұрын көрмеген ауқымда, еш шімірікпестен, өкілеттігін жеке пайдасына асырып, байып, жалғанды жалпағынан басып отыр, дейді америкалық Tangle жаңалықтар ресурсының бас редакторы Исаак Сол. Kursiv Media осы тақырыпта бұрын жарық көрген шолудың екінші бөлімін оқырман назарына ұсынып отыр.
Бұрынғы материалда сөз болған жайттар, негізінен, Трамптың 2025 жылғы қаңтар және биылғы жылғы мамыр аралығындағы қызметіне қатысты. Мына шолу осы жылғы мамыр айынан бергі оқиғаларды да қамтып отыр.
Бағалы қағаздар және криптовалюта
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Трамп немесе оның қаржысына бас-көз болып отырған тараптар 2025 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың маусымына дейінгі 17 айда бағалы қағаздар нарығында 28 700-ге жуық мәміле жасасқан. Салыстыра кетсек, дәл сол аралықта АҚШ Конгрессінің қос палатасының мүшелері, тұтас алғанда, 22 200-ге жуық мәміле жасасты. Қазіргі таңда президент Конгресс мүшелеріне акция саудасымен айналысуға тыйым салу бастамасын қолдап отыр, бірақ сол тыйым президенттің өзіне жүрмейді. Ал Ақ үй Трамп инвестицияларын жеке өзі басқарып отырған жоқ дегенді алға тартады.
Трамп өзі акцияларын сатып алған компанияларды көпшілік алдында мақтап-мадақтауды да әдетке айналдырған. Popular Information басылымы Трамптың ашық есептерін талдай келе, президент 11 наурызда Thermo Fisher компаниясының Огайодағы зауытын аралап, оны мақтап, сол күні осы компанияның 15 000-50 000 доллар шамасындағы акцияларын сатып алғанын анықтады.

Содан кейін Кентуккиге барған Трамп Apple компаниясын «бүкіл АҚШ аумағында зауыт салып жатқан керемет компания» деп бөле-жара атап өтіп, оның 250 000-500 000 доллар шамасындағы акцияларын сатып алған.
Президенттің нарықта акция сатып алуы мен сабақтас салада жария саяси шешімдер қабылдағаны тұспа-тұс келген жайттар аз емес. Мәселен, әйгілі 60 Minutes бағдарламасы Трамптың Иранға қатысты мәлімдемелері қарсаңында жасалған бірқатар сауда-саттық операцияларын зерттеп көрді.
Атап айтсақ, 23 наурызда оның Иранға соққы беруді уақытша тоқтату туралы жазбасы шыққан еді, содан 15 минут бұрын нарықта құны жүздеген миллион доллар мұнай фьючерстері орналастырылған (жазбадан кейін мұнай бағасы 10%-дан астамға арзандаған). Бұған қоса, АҚШ-тың Иранға соққылары басталмай тұрғанда Polymarket платформасында осы оқиғаға бәс тіккен су жаңа аккаунттар пайда болған. Мұндай құпия ақпаратқа қол жеткізе алатын тараптар аз емес, әрине, бірақ санаулы.
Оқи отырыңыз: Пиццаға тапсырыс көбейгені АҚШ Иранға соққы жасайтынын білдіре ме.

Трамптың 2025 жылғы қаржылық есебіне сәйкес, ол өзінің криптовалюта мен мемкоин саласындағы бизнесінен кемінде 1,4 млрд доллар табыс тапқан. Сол жылы тапқан жалпы табысы 2,2 млрд доллар. Мәселе лауазымды тұлғаның табыс тапқанында емес, мәселе – табыстың сол адам басқарған әкімшілік реттеп, қадағалап отырған салалардағы жобалардан түскенінде, дейді И.Сол.
Биыл 14 тамызда елдің Айналымдағы ақшаны бақылау басқармасы (OCC) World Liberty Trust компаниясына шектеулі мемлекеттік траст лицензиясын алуға алдын ала рұқсат берді. Трамп басқарып отырған федералдық үкімет (президент өзі тағайындаған шенеуніктің берген рұқсаты арқылы) президент әулетіне тиесілі ірі криптовалюта компаниясын жарамды қаржы институты деп таныса, бұл өзгеріс коммерциялық ұйымдарға қаражатын президент отбасы пайда тауып отырған бизнеске аударып отыруға жол ашады-мыс.
Атын берген
Президенттің әрбір сөзін қаржы нарығындағылар бағып отырады. Трамптың Truth Social медиакомпаниясы осыны да кәдеге жаратудың амалын тапқан: Уолл-стриттегі банктер мен трейдерлерге президенттің желідегі жазбаларын елден бұрын көру опциясын сата бастаған! Пайда табудың бірегей схемасы деп осыны айт: төлеген тараптарға инсайдерлік ақпаратты қолжетімді етіп қояды, Трамп енді инсайдерлік саудамен өзі айналысып әуреге түспейді.
Трамптың табыс табу жолында ұдайы қолданатын сүйікті тәсілі – «атын сату», яғни елдегі айтулы нысандарға есімін беріп, содан пайда көру. Мысалы, Палм-Бич округіндегі әуежайға Трамптың есімі берілген, Трамп – бұл брендтің сауда белгісі мен лицензиясының иесі.

Осылайша, ол аты жазылған тауарларды сатудан да пайда таппақ. Округ әкімшілігі нысан атауын бекітетін жергілікті кеңес мүшелеріне: жаңа атауды мақұлдамаса, өкімет мұндағы көлік инфрақұрылымына қаржы бөлмей қояды деп ескерткен деседі.
Ел астанасындағы ең көрікті нысандардың бірі – Линкольн мемориалы алдындағы үлкен бассейнді (Reflecting Pool) жөндеу жұмыстарына кеткен шығын қазірдің өзінде 14,7 млн долларға жеткен. Бұл жобадағы су құбырларын реттеп, сырлау жұмыстарын жасау тапсырыстарын Трамппен байланысы мердігер компаниялар алған.

Ал Ақ үйдің бір қапталын кеңейтіп, үлкен банкет залын салу жобасының құны 600 млн долларға жеткен екен. Бұл жоба Трамп уәде еткендей қалталы демеушілер есебінен ғана емес, қарапайым салық төлеушілердің қаражаты есебінен де қаржыландырылып жатыр.
Рақымшыл президент
Бұдан бұрынғы материалымызда сөз болған, Трамптың тұсында қалыптасқан «рақымшылық экономикасы» санатына қоса кететін тағы бір мысал бар, ол – үндістандық миллиардер Гаутам Адани ісі. Оған Байден әкімшілігі тұсында ауқымды пара беру схемасын жасырып, америкалық инвесторларды алдады деген айып тағылған болатын. Трамп қайта сайланғаннан кейін, Адани өзін қорғау үшін президенттің жеке адвокаттарының бірі Роберт Дж. Джуффраны жалдаған. Адвокат Әділет министрлігіне: прокурорлар аталмыш істі жапса, Адани АҚШ экономикасына 10 млрд доллар инвестиция құяды деген ұсыныс айтады. Әділет министрлігі істі тоқтатқан.
Шектеулер мен тыйымдар
Бұл санатта хош иісті вейптерді сатуға рұқсат беру ісі назар аударарлық. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасының (FDA) басшысы Марти Макари темекінің бұл түрі жастардың денсаулығына нұқсан келтіретінін алға тартып, оны сатуға шектеу қоюды көздеген. Бұл ұстанымға наразы болған ірі темекі компанияларының басшылары Флоридадағы гольф-клубтардың бірінде Трамппен кездесіп, «үкіметтің тыйымы біздің бизнеске кедергі келтіріп отыр» деп шағынған.
Трамп өзінің сайлау науқанына миллиондаған доллар бөліп, демеушілік жасаған кәсіпкерлердің жағына шыққан. Сөйтіп, хош иісті электронды темекі саудасына айтарлықтай шектеу қоймай, бизнесті ойдағыдай дөңгелетуге жол ашылды. Ал Макари мұндай шешімді қолдай алмайтынын айтып, өз еркімен қызметінен кетуге мәжбүр болған.

Өзі «темекі лоббиі» жағында болса, ұлы қару-жарақ тасымалдау саласында пайда табуды жөн көрген-ді. Америкада бір ғасырдан астам уақыт бойы күшінде тұрған ережеге сай, ел ішінде (мылтық, винтовка сынды ұзын ұңғылы қару түрлерін санамағанда) тапанша, револьвер сияқты атыс қаруы түрлерін пошта арқылы жөнелтуге тыйым салынған. Жақында президенттің ұлы – кіші Дональд Трамп ел ішінде тапсырыс бергендерге қаруды мейлінше кең ауқымда пошта арқылы жеткізіп беру қызметін іске қосуды көздейтін компанияның кеңесшісі әрі 1% үлесі бар қожайыны атанды. Көп ұзамай әкесі жаңағы аталған тыйымның күшін жою бастамасын көтерген, дейді И.Сол.
Журналистің айтуынша, билік тізгінін ұстаған Трамп ет жақындарын ғана жарылқап отырған жоқ. Шын мәнінде, президенттің арқасында үкімет мүшелерінің басым бөлігі, президент әкімшілігінің маңайындағылар, билікке жақын тараптар бұрын-соңды болмаған дәрежеде пайда көріп, орасан зор игіліктерге кенелуде.