Павлодарда марқұмдарды емхана қабылдауына жазуға қатысты тергеу басталды

Павлодардағы емханалардың бірінде медициналық қызметтерді заңсыз жазып жазу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Облыстық Экономикалық қылмыстарды тергеу департаментінің ақпаратына сүйенсек, емхана басшылығы МӘМС пен кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында мемлекеттен қаржы алу үшін жалған мәліметтер енгізіп келген.
Анықталған заңбұзушылықтар:
- Қабылдауға қайтыс болған адамдар «жазылған»;
- Гинеколог маман ер адамдарға «қызмет көрсеткен»;
- Емханаға тіркелмеген азаматтарға ем қолданылды деп жалған құжат толтырылған.
Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, 2023–2024 жылдардағы заңсыздықтардан келген алдын ала шығын көлемі 15 миллион теңгеден асты. Қазіргі уақытта күдіктілер шеңбері анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұған дейін прокуратура мен МӘМС тексерістері кезінде ел бойынша қайтыс болғандарға консультация жазу, ер азаматтарға маммография тағайындау және балаларға дәрі-дәрмектерді заңсыз жазып беру сияқты ауқымды алаяқтық схемалар анықталған еді.
Осыған дейін Алматы облысында екі клиника МӘМС-тен 65,9 млн теңге ұрлағаны туралы белгілі болған.