Binance хакерлік шабуылға ұшырап, 3 млрд доллардың активін бұғаттады

Әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы Binance платформасына хакерлік шабуыл жасалды деген қауіп бар. Компания жүйедегі операцияларын уақытша тоқтатты, деп жазады Kursiv.Media BBC-ге сілтемемен.
Binance-тің бұрынғы басшысы әрі ірі акционері Чанпэн Чжао да биржаға хакерлік шабуыл жасалғанын растады.
«Binance шынымен де хакерлік шабуылға ұшыраған сияқты», – деді ол.
Шабуылдаушылар платформаның қызметтік контейнеріне қол жеткізіп, пайдаланушылардың қаражатын шығару үшін рұқсатсыз транзакциялар жіберген. Биржа өкілдерінің айтуынша, компания блокчейн саласындағы серіктестерімен бірге ұрланған активтерді бұғаттау бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде шамамен 3 млрд доллардың активі бұғатталған. Дегенмен бұғатталған активтердің көлемі әлі де өсуі мүмкін.
Компания шабуыл салдарынан болған шығынды пайдаланушыларға өтейтінін де хабарлады. Ол үшін пайдаланушыларды қорғауға арналған SAFU қорындағы қаражат пен компанияның өз қаржысы жұмсалмақ.
Шабуылға байланысты басқа криптовалюта платформалары да шара қабылдаған. Чанпэн Чжаоның айтуынша, Tether және Circle компаниялары ұрланған активтердің шамамен 1,7 млрд долларын бұғаттаған.
Binance – күнделікті сауда көлемі бойынша әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы. Өткен айда ғана Қазақстан Ұлттық банкі мен Binance Investments Co. елде өңірлік есеп айырысу хабын дамыту келіскен еді. Жоба іске асса, Binance-тың Орталық Азия, ТМД және Шығыс Еуропадағы клиенттеріне көрсетілетін бірқатар қаржылық қызмет Қазақстан арқылы жүргізіледі.