Жеке кәсіпкерлік пен ЖШС-ны жабу жеңілдеді: министрлік жаңа онлайн сервис іске қосты

Қаржы министрлігі «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» порталында ЖК қызметін тоқтату және ЖШС-ны тарату бойынша жаңа онлайн сервисті іске қосты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Енді кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға бармай-ақ, барлық өтінішті толықтай электронды түрде бере алады. Жаңа сервис уақытты үнемдеп, өтініштің қаралу мәртебесін жеке кабинетте бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл жаңашылдық салық заңнамасындағы қолданыстағы тәртіпті өзгертпейді, тек үдерістің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырады.
Жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтату толықтай автоматты режимде, ал серіктестіктерді тарату ішінара автоматтандырылған түрде орындалады.
Қазір бұл қызметті жеке кәсіпкерлер, резидент заңды тұлғалар және олардың филиалдары ала алады. Болашақта жеке практикамен айналысатын тұлғаларға, бірлескен кәсіпкерлік қатысушыларына және бірігу арқылы қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаларға да ұсынылады.
Жаңа қызметті пайдалану үшін БЖК порталында ЭЦҚ және СМС-код арқылы кіріп, профильде тиісті рөлді таңдау, сондай-ақ өтінішті толтырып, оған ЭЦП-мен қол қою жеткілікті. Өтініштің қаралу барысын жеке кабинетте нақты уақыт режимінде қадағалауға болады.
2026 жылдың 9 айында 350 мыңнан аса жеке кәсіпкерлік нысаны қызметін тоқтатқан. Алайда ел билігі олардың бәрі жабылып қалған жоқ деп тұжырымдайды. Көпшілігі өзін өзі жұмыспен қамтушылар санатына өткен.