Биыл 24,3 млн тонна астық жиналды

Жарияланды 30 Қазан 2026 10:29

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Бұл соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі/ kursiv.media архиві

Елде 2026 жылғы егін жинау науқаны қорытындыланды. Биыл ел диқандары 24,3 млн тонна астық жинады. Бұл соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр. Бұдан жоғары өнім тек екі рет алынған, деп хабарлайды Kursiv.media.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл астықтың көлемі ғана емес, сапасы да жоғары болған. Алдын ала мәлімет бойынша, элеваторларға тапсырылған жұмсақ бидайдың шамамен 72%-ы үшінші сыныпқа жатады. Зерттелген бидай үлгілерінің 48%-ында дән маңызы 28%-дан асқан.

Әсіресе Ақмола облысында көрсеткіш жоғары. Өңірде үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90%-ға, ал ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетті.

Қазақстан астық экспортында да жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Соңғы екі жылда ел 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұн экспорттаған. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіштер.

«Қазақстан темір жолы» мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектен 19 қазанға дейін елден 1,657 млн тонна астық экспортталған. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 9%-ға көп.

Соңғы үш жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге жуық өскен. 2025 жылы шаруалар 1,8 млн тонна тыңайтқыш пайдаланса, биыл жоспарланған 2,3 млн тоннаның 2,1 млн тоннасы егістікке енгізілген. Ал сапалы элиталық тұқымдардың үлесі 12%-ға жетті.

Биыл егін жинау науқанына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың комбайн, 17 мың жатка және басқа да ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды.

Шаруаларға техника сатып алу үшін жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да ұсынылған. Бағдарлама басталғалы бері аграршылар 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 астық жинайтын комбайн сатып алған.

Мемлекет алдағы уақытта да ауыл шаруашылығын қолдауды жалғастырып, өнім көлемі мен сапасын арттыруға, техниканы жаңартуға және қазіргі технологияларды енгізуге басымдық бермек. Сондай- ақ елде астықты терең өңдейтін алты кәсіпорын салынбақ.

Сондай-ақ оқыңыз