Автокөлікті қашан сатып алған тиімді: жыл соңына дейін баға қалай өзгеруі мүмкін

2026 жылдың соңына дейін Қазақстандағы автокөлік бағасына импорт шығындары, валюта бағамының ауытқуы және сұраныстың өзгеруі әсер етуі мүмкін. Алайда бұл барлық модельдің бағасы бірдей өседі дегенді білдірмейді. Көп нәрсе көліктің шығарылған еліне, жасына, техникалық жағдайына және нарықтағы ұсынысқа байланысты. OLX Қазақстанның талдау қызметінің қыркүйек айындағы деректері танымал модельдердің бағасын салыстырып, жылдың соңғы айларында сатып алушылардың неге назар аударуы керектігін бағалауға мүмкіндік береді.
Қыркүйекте танымал автокөліктер қанша тұрды?
Автокөліктің бағасы жүрген жолы мен техникалық жағдайына байланысты өзгереді. Сондықтан бір модельдің өзінде баға айырмашылығы айтарлықтай болуы мүмкін. Мәселен, Changan CS55 Plus моделінің орташа бағасы шамамен 7,77 млн теңгені құрады. 20-34 мың шақырым жүрген автокөліктердің бағасы 6,18 млн теңгеден 9,36 млн теңгеге дейінгі аралықта болды. Changan CS75 Plus моделінің орташа бағасы 7,95 млн теңге болды. Бұл ретте ұсынылған көліктердің бағасы 5,6 млн және 10,3 млн теңгеге бағаланды.
Седандар арасында Kia K5 моделінің орташа бағасы шамамен 7,47 млн теңге болды. Бұл модельдің бағасы да жүрген жолына байланысты. Мәселен, шамамен 118 мың және 288 мың шақырым жүрген автокөліктер тиісінше 7,91 млн және 7,02 млн теңгеге ұсынылды.
Toyota Camry да бағаны салыстыруда негізгі модельдердің бірі болып қала береді. Ұсынылған Camry 50 автокөлігінің орташа бағасы шамамен 6,57 млн теңгені құрады, ал жүрген жолы 191 мың шақырымға жуық болды. Camry 70 моделіндегі екі автокөліктің орташа бағасы шамамен 7,67 млн теңгеге жетті. Олардың жүрген жолы шамамен 219 мың және 359 мың шақырым болса, бағалары тиісінше 7,56 млн және 7,78 млн теңгені құрады.
Автокөлік бағасына қандай факторлар әсер етеді?
Негізгі факторлардың бірі – импорт шығындары. Автокөлікті елге әкелген кезде сатып алушы немесе жеткізуші көліктің өз құнын ғана емес, кедендік төлемдерді, салықтарды, кәдеге жарату алымын және алғашқы тіркеу шығындарын да ескереді. Егер импортқа жұмсалатын шығындар артса, бұл автокөліктің түпкілікті бағасына әсер етуі мүмкін.
Екінші фактор – валюта бағамы. Теңгенің әлсіреуі шетелден автокөлік сатып алу құнын арттыруы ықтимал. Алайда хабарландырулардағы бағалар бірден өзгере бермейді. Сатушылар бұрын сатып алынған көліктерді сатуы мүмкін, ал сұраныс пен бәсекелестік бағаны көтеру мүмкіндігін шектейді.
Салық салу жүйесіндегі өзгерістерді де бөлек ескерген жөн. 2026 жылы Қазақстанда құны 18 000 АЕК-тен басталатын жеңіл автокөліктерге 10% мөлшерінде акциз қарастырылған. АЕК мөлшері 4 325 теңге болғанда, бұл 77,85 млн теңгеге тең. Аталған шара қымбат автокөліктерге қатысты және бағасы 5-10 млн теңге болатын көпшілікке қолжетімді модельдердің автоматты түрде қымбаттайтынын білдірмейді.
Қандай автокөліктер көбірек қымбаттауы мүмкін?
Ең алдымен, импорт шығындарының артуы шетелден жеткізілетін және сатып алу құны валюта бағамына тәуелді автокөліктерге әсер етуі мүмкін. Бағаның қаншалықты өзгеретіні көліктің шығарылған еліне, логистика шығындарына, қолданыстағы төлемдерге және дилерлердегі автокөлік қорына байланысты болады. Ал қайталама нарықта жағдай басқаша қалыптасуы мүмкін. Қолданыста болған автокөліктердің бағасы олардың жасына, жүрген жолына, техникалық жағдайына және нарықтағы ұқсас ұсыныстардың санына байланысты. Егер жаңа көліктердің қолжетімділігі төмендесе, сатып алушылардың бір бөлігі қолданыста болған автокөліктерге назар аударуы мүмкін. Бұл танымал модельдерге деген сұранысты сақтап тұруға ықпал етеді.
Автокөлікті қазір сатып алған дұрыс па?
Жыл соңына дейін автокөлік сатып алуды жоспарлағандар бір модель бойынша бірнеше ұсынысты салыстырып, құжаттарды рәсімдеу мен қосымша шығындарды қоса есептегендегі толық құнын алдын ала анықтап алғаны жөн. Қолданыста болған көлікті таңдағанда оның техникалық жағдайы мен сервистік қызмет көрсету тарихын тексеру де маңызды.
Егер талапқа сай автокөлік қолайлы бағамен табылса, оны жыл соңына дейін сатып алу тиімді шешім болуы мүмкін.
2026 жылдың соңына дейін импорт шығындары мен валюта бағамының ықпалымен автокөліктердің жекелеген санаттарында баға шынымен өсуі мүмкін. Алайда өзгерістің ауқымы нақты модельге және нарықтағы жағдайға байланысты болады. Сондықтан сатып алушылар үшін ең басты бағдар – нарықтағы ұсыныстардың нақты бағасы мен автокөлікті сатып алуға кететін жалпы шығын.
Тағы да оқыңыз: Өзбекстанда ескі көліктер арзандап жатыр: Қазақстанда ше