32%-дан 77%-ға дейін: Қазақстан алтын резервін қалай ұлғайтты

Қазақстанның халықаралық резервтеріндегі алтынның үлесі соңғы он жылда айтарлықтай өсті. 2016 жылы монетарлық алтын жалпы резервтің шамамен 32%-ын құраса, 2026 жылғы қыркүйек соңында оның үлесі 77%-дан асты, деп жазады Kursiv.Media.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері 66,4 млрд доллар болды. Оның 51,4 млрд доллары монетарлық алтынға тиесілі. Яғни қазір резервтегі әр 100 доллардың шамамен 77 доллары алтын түрінде сақталып отыр.
Он жылда үлесі екі еседен астам өсті
2016 жылы Қазақстанның халықаралық резервтері шамамен 29,7 млрд доллар болса, оның 9,6 млрд доллары алтынға тиесілі еді. Сол кезде алтынның үлесі небәрі 32,4% шамасында болды.
Кейін бұл көрсеткіш тез өсе бастады. 2017 жылы алтын резервтің шамамен 40%-ын, 2018 жылы 46%-ын құрады. Ал 2019 жылдың соңында оның үлесі 65%-дан асты.
2020-2021 жылдары да алтын резервтің басым бөлігін құрап, 2021 жылы үлесі 68%-дан жоғары деңгейге жетті.
Алайда бұл көрсеткіш үнемі өсе берген жоқ. 2022 жылдан кейін алтынның үлесі біртіндеп төмендеп, 2024 жылдың соңында 52%-ға дейін түсті. Сол кезде халықаралық резервтердің жалпы көлемі 45,8 млрд доллар, ал монетарлық алтынның құны 23,8 млрд доллар болды.
Одан кейін жағдай қайта күрт өзгерді. 2025 жылдың соңында Қазақстанның алтын-валюта резервтері рекордтық 65,4 млрд долларға жетті. Ал 2026 жылғы қыркүйекте резервтегі алтынның долларлық құны 51,4 млрд долларға дейін өсті.
Нәтижесінде он жыл ішінде алтынның халықаралық резервтегі үлесі шамамен 32,4%-дан 77,4%-ға, яғни 45 п.т.-ға артты.
Бас банк енді алтын үлесін 70 пайызға дейін азайтпақ
Қазан айында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов резерв құрамындағы алтынның үлесін шамамен 70%-ға дейін түсіру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір алтын халықаралық резервтің 80%-ға жуығын құрайды. Мұндай құрылым резервті бір ғана активке шамадан тыс тәуелді етеді.