Алматыда әр сегізінші көліктің ауаны ластау деңгейі жоғары болған

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда тексерілген әрбір сегізінші көліктен ауаға бөлінетін зиянды заттар мөлшерінің белгіленген нормадан асқаны анықталды. Дегенмен көліктердің бір бөлігін жөндеп, қайта тексергеннен кейін мәселені шешуге болған. Бұл туралы қала әкімдігі жариялаған Low Emission Zone (LEZ) пилоттық жобасының аралық қорытындысында айтылған.

Әкімдіктің мәліметінше, қыркүйек айында LEZ аймағындағы бақылау бекеттерінде 6 833 автокөлік тексерілген. Оның 922-сінде, яғни 13,5%-ында зиянды шығарындылар деңгейі белгіленген нормадан жоғары болған.

Алайда бұл көрсеткішті төмендетуге болатыны да байқалған. Атап айтқанда, жанармай жүйесін ретке келтіргеннен кейін 561 автокөлік қайта тексеруден сәтті өткен.

«Бұл қалыпты техникалық қызмет көрсету мен қозғалтқышты дұрыс реттеу автокөліктің қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерін азайтуға көмектесетінін көрсетеді», – деп хабарлады Алматы әкімдігі.

LEZ жобасы не үшін қажет

Low Emission Zone (LEZ) – көліктерден бөлінетін зиянды шығарындыларды азайтып, қаладағы ауа сапасын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба. Оның аясында мамандар автокөліктердің техникалық жағдайын тексеріп, атмосфераға тарайтын зиянды заттардың деңгейін бақылап жатыр.

Жиналған мәліметтер Алматыдағы көлік шығарындыларының қазіргі жағдайын бағалауға және ауаның ластануын азайтуға бағытталған алдағы шараларды әзірлеуге көмектеседі.

Жоба аясында көліктерге шектеу қойыла ма

Қала әкімдігі LEZ жобасы әзірге сынақ режимінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондықтан пилоттық кезеңде көліктердің қалаға кіруіне шектеу қою, жүргізушілерге айыппұл салу немесе жол жүру ақысын енгізу жоспарланбаған.

Жоба биыл жыл соңына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде мамандар көліктердің шығарындылары туралы деректер жинап, мониторинг нәтижелерін бағалайды. Оның қорытындысы бойынша ауа сапасын жақсартуға бағытталған келесі шаралар айқындалмақ.

Еске салайық, 2026 жылдың сәуір айынан бастап қалада төмен шығарындылар аймағы (Low Emission Zone – LEZ) пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Бұл бастама мегаполистегі ауаның ластануын азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз