14,3 трлн теңге: зейнетақы активтерінің 40 пайызын инвесттабыс құрайды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Зейнетақы жинақтарының инвестициялық табысы қандай / Фото: shutterstock.

Қазақстандықтардың 2014 жылдан бері жинаған зейнетақы қаржысының 40 пайызын инвестициялық табысы құрайды. Бұл – 14,3 трлн теңгеге жуық қаражат.

Осыдан 12 жыл бұрын жеке компаниялардағы бүкіл зейнетақы активі БЖЗҚ-ға біріктірілген. Ал жинақтаушы жүйе құрылған 1998 жылдан бергі инвесттабыс пайызы 28 жылдағы жиынтық инфляциядан 76,1 пайызға асқан. Орта есеппен әр жылда БЖЗҚ қаржысының табысы инфляциядан 2,7% асып отырған.

«Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2026 жылғы 1 қазанға дейінгі кезеңде жинақталған инвестициялық кірістілік 1 090,84%-ды құраса, осы кезеңдегі инфляция деңгейі 1 014,83% болды», – делінген хабарламада.

Бұл ретте БЖЗҚ инвестициялық кірістілік қаржы нарығындағы жағдайға байланысты өзгеріп отыратыны еске салады.

«Инвестициялау нәтижелері бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдары бойынша сыйақы түсімдеріне, олардың нарықтық құнының өзгеруіне, сондай-ақ валюта бағамдарының ауытқуына тәуелді. Жекелеген кезеңдерде нарықтық және валюталық қайта бағалау инвестициялаудың жалпы нәтижесіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұндай ауытқулар қаржы нарығына тән құбылыс болғандықтан, зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін ұзақ мерзімді кезеңдегі нәтижелер негізінде бағалаған жөн», – дейді БЖЗҚ.

2026 жылдың 1 қазанында Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 26,6 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі инвестициялық қызмет, сондай-ақ шетел валюталары бағамының құбылуы мен қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде 766 млрд теңге инвесттабыс есептелген. Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша 139,39 млрд теңгені құрады. Салымшылардың зейнетақы шоттарына бөлінген кірістілік 2,91% құрады.

Жеке инвестициялық басқарушы компаниялармен салыстырғанда, Ұлттық банктің инвестициялық табысы төмен.

Жеке басқарушы компаниялар арасында «Сентрас Секьюритиз» АҚ ең жоғары көрсеткішке (11,87%) қол жеткізсе, «Tansar Capital» АҚ өз активтері бойынша инвестициялық шығынға ұшырап, көрсеткіші минусқа кетті. 

Сондай-ақ оқыңыз