Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр

Жарияланды 30 Қазан 2026 14:21

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Екі ел меморандумға қол қойды/ үкімет

Қазақстан мен Қырғызстан өзара тауар айналымын 3 млрд долларға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл мәселе Бішкекте өткен қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің 14-отырысында талқыланды, деп хабарлайды Kursiv.media.

Жиынға Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев қатысты. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, көлік-транзит, авиация, цифрландыру және ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарады.

Олжас Бектеновтің айтуынша, екі ел арасындағы сауда көлемі тұрақты өсіп келеді. Шекара маңындағы индустриялық-сауда-логистикалық кешенді іске қосу және экономиканың негізгі салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік береді.

«Сауда қатынастарын одан әрі арттыру үшін көлік-транзит, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларындағы ықпалдастықты дамыта түсу керек. Жалпы Қазақстан мен Қырғызстан арасында екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша үлкен әлеует бар», – деді премьер-министр.

Ауыл шаруашылығы саласында да өзара сауда көлемі артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы агроөнеркәсіп өнімдерінің саудасы 41,5%-ға өсіп, 500 млн долларға жеткен. Қазақстан Қырғызстанға дәнді және майлы дақылдар, күнжара, күнбағыс майы, балмұздақ сияқты өнімдерді жеткізуді ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Көлік саласында теміржол және автомобиль жүк тасымалының көлемі артқан. Екі ел арасында электрондық рұқсаттар алмасу енгізіліп, олардың санын 5 мыңға дейін жеткізу жөнінде келісім жасалды. Сондай-ақ ортақ шекарадағы сегіз автомобиль өткізу пункті кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр.

Авиация саласында тұрақты рейстер саны 19%-ға артып, аптасына 19 рейске жеткен. Бұл екі ел арасындағы іскерлік және туристік байланыстарды дамытуға бағытталған.

Отырыс қорытындысында тараптар қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің 14-отырысының хаттамасына қол қойды.

Тағы да оқыңыз: Қазақстан QR-төлем жүйесін 4 мемлекетпен біріктірмек

Сондай-ақ оқыңыз