Мемлекет басшысы түркі елдеріне ортақ киберқауіпсіздік кеңесін құруға үндеді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Ақорда

Қазақстан түркі елдерімен цифрлық ынтымақтастықты күшейтуді көздейді. Мемлекет басшысы Киберқауіпсіздік кеңесін құруды және Цифрлық мониторинг пен инновациялар орталықтарын ашу бастамаларын жеделдетуді ұсынды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөйлеген сөзінде айтты.

Президенттің пікірінше, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Қазақстан бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Қазақстан цифрлық ел болуды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта ауқымды жұмыс істелуде. Биыл елімізде – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллект саласын дамыту үшін бірқатар маңызды жоба қолға алынғанын жеткізді. Атап айтқанда, Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылып, осы салаға мамандар даярлайтын Qazaq AI Research университеті ашылған. Сонымен қатар қуаттылығы 1 ГВт болатын деректерді өңдеу орталықтарының алқабы салынып жатыр.

Президенттің айтуынша, қазір елімізде екі суперкомпьютер іске қосылған. Жақын арада үшінші қуатты суперкомпьютер де жұмысын бастайды. Бұған қоса, Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» арнайы заң қабылданған.

Мемлекет басшысы Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесін бауырлас елдермен бөлісуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылғанын еске салды. Оның игілігін өзге түркі мемлекеттері де көре алады.

«Осы бірегей жобаның игілігін түркі мемлекеттері де көре алады. Бұдан бөлек, әлі де жедел атқарылуға тиіс жұмыстар аз емес», – деді президент.

Тоқаев цифрлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Киберқауіпсіздік кеңесін және Цифрлық мониторинг пен инновациялар орталықтарын құру бастамаларын іске асыруды жеделдету қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз