Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттерінің ұйымына қосылуға шақырды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Ақорда

Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымы қатарына қосылуға немесе бақылаушы болуға шақырды. Бұл туралы ол Түркияда өтіп жатқан саммит кезінде айтты деп жазады Kursiv Media.

Президент Ресейдің қосылуы ұйымның беделін арттыра түседі деп есептейді.

«Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған», – деді ол.

Тоқаев Ресейдің «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеп жатқанын айта кетті.

«Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді», – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол цифрлық ынтымақтастық туралы айтып, түркі елдеріне ортақ киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.

Осы күндері Тоқаев ресми сапармен Түркияда жүр. 29 қазанда ол Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер басшыларының қатысуымен Түркі әлемі аллеясының ашылу рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ оқыңыз