Қайрат Сатыбалдыдан қайтқан қонақүй 12,4 млрд теңгеге сатылды

Қайрат Сатыбалдыдан қайтқан DoubleTree by Hilton қонақүйі үшінші рет өткізілген аукционда 12,4 млрд теңгеге сатылды. Бастапқы құны 38,3 млрд теңгеге бағалаған нысан үш есе арзанға өтті, деп хабарлайды Kursiv.Media
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік департаменті балансында болған қонақүй Алматы қаласының орталығында орналасқан. Сатып алушы 1,9 млрд теңге кепіл жарнасын құйды.
Мұның алдында қыркүйек және қазан айларында ұйымдастырылған екі аукцион сатып алушылардың болмауына байланысты өтпей калған.
Үшінші сауда-саттық бағаны төмендету тәсілімен өткізіліп, бастапқы бағасы 38,28 млрд теңге болып белгіленді. Сауда барысында ең төменгі шекті баға 8,93 млрд теңге деңгейінде бекітілген.
Жалпы ауданы 16,2 мың шаршы метрді құрайтын 11 қабатты ғимаратта 112 қонақүй нөмірі, мейрамхана, бассейн, SPA-орталық, фитнес-зал және банкет залы бар.
Келісімшарт шартына сәйкес, жаңа иесіне тек ғимараттың өзі өтеді.
Бағалау туралы есепте көрсетілген жиһаз бен басқа да жылжымайтын мүлік, сондай-ақ тауар белгісі, фирмалық атауы, коммерциялық белгі мен интеллектуалдық меншік объектілерін пайдалану құқығы және франчайзинг шарты берілмейді. Олар нысанның бағалау құнына енгізілмеген. Ал орналасқан жері ортақ пайдаланылатын мүлік болғандықтан сатылмайды.
Қонақүйді Қайрат Сатыбалды 2023 жылы мемлекетке сыйға тартқан. Сол күні жылжымайтын мүлік департаментінің балансына өтті.
Бұған дейін Сатыбалдыдан қайтқан Байсат базары бірнеше рет аукционға шығарылып, өз құнынан арзанға сатылған еді. Оны ERG-дің су жаңа акционері, ірі бизнес әлеміндегі жаңа жұлдыз – Шахмұрат Мүтәліптің серіктесі, «Integra Construction KZ» бақылау кеңесінің төрағасы, Todini Costruzioni Generali SpA директорлары кеңесінің мүшесі Күдрәт Шамиев сатып алған.