Әскери қызметшілер Aitu арқылы басшылыққа анонимді түрде жүгіне алады

Ұлттық ұланда әскери қызметшілер мен қолбасшылық арасындағы кері байланысты нығайтуға бағытталған ULAN SENIM жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Әскери қызметшілер өз өтініштері мен ұсыныстарын жүйе арқылы анонимді түрде жолдай алады. QR-кодты сканерлеу арқылы Aitu мессенджері негізінде әзірленген платформаға өтіп, жеке деректерін көрсетпей-ақ қолбасшылыққа хабарлама жіберуге болады.
Әрбір өтінішке бірегей нөмір беріліп, басшылыққа жолданады. Оны қарау мерзімі – үш күн. Сонымен қатар өтініш беруші оның мәртебесін бақылап, бұрын жолданған хабарламалардың тарихын көре алады.
Платформа әскери қызметтегі заңдылық, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, материалдық қамтамасыз ету, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және моральдық-психологиялық ахуал мәселелерін қамтиды.
Қазіргі уақытта ULAN SENIM жүйесі Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Оның нәтижелері бойынша жүйені ұлттық ұланның басқа әскери бөлімдеріне енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Осыған дейін үш қалада әскери қалашықтар салынатыны белгілі болған.