Қазақстанның мемлекеттік борышы 38,8 трлн теңгеге жетті

Қазақстанның мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген жалпы борышы 2025 жылдың 1 қазанмен салыстырғанда 3,3 трлн теңгеге артып, 41,3 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Егер бұл соманы АҚШ долларымен есептесек, 2025 жылғы 1 қазанда доллар курсы 548,8 теңге болып, жалпы борыш 69,1 млрд долларды құраған еді. Ал 2026 жылғы 1 қазанда доллар бағамы 439,4 теңгеге дейін төмендеп, борыштың доллардағы эквиваленті 94 млрд долларға жетті.
Жалпы міндеттемелердің басым бөлігін тікелей мемлекеттік борыш құрайды. Ол 2025 жылғы 35,5 трлн теңгеден 2026 жылы 38,8 трлн теңгеге көбейген. Мемлекеттік борыштың ішіндегі Үкімет борышы 2025 жылғы 34 трлн теңгеден 2026 жылы 36,9 трлн теңгеге жетті.
Негізгі өсім ішкі борыш есебінен тіркеліп, 25,2 трлн теңгеден 28,8 трлн теңгеге дейін өсті. Оның басым бөлігін мемлекеттік ұзақ мерзімді қазынашылық міндеттемелер құрайды — 24,8 триллион теңге.
Қалған бөлігі орта мерзімді (1,55 трлн теңге), қысқа мерзімді (437 млрд теңге) және TONIA индексіне байланған қазынашылық міндеттемелерге тиесілі.
Сыртқы борыш көлемі 2025 жылғы 8,7 трлн теңгеден 2026 жылы 8,1 трлн теңгеге дейін төмендеді. Жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) борышы 2,5 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге өсті. Оның ішінде Үкімет алдындағы берешек 1,1 трлн теңгені, ал өзге де кредиторлар алдындағы борыш 1,9 трлн теңгені құрайды.
Негізгі мемлекеттік борыштан бөлек, мемлекет өзге де міндеттемелерге жауапты. Мемлекет кепілдік берген борыш 2025 жылғы 2,42 трлн теңгеден 2026 жылы 2,47 трлн теңгеге өсті. Оның ішкі бөлігі 855 млрд теңгені, ал сыртқы бөлігі 1,6 трлн теңгені құрайды.
Алдағы үш жылда мемлекеттік қарыз 52 триллионнан 59 трлн теңгеге дейін өсуі ықтимал.