eGov Business-те кәсіпкерлерге арналған жаңа сервис іске қосылды 

Жарияланды 2 Қараша 2026 11:46

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Фото: Shutterstock

eGov Business мобильді қосымшасында кәсіпкерлерге арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Енді бизнес өкілдері «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-дан кредит пен сақтандыру тарихы туралы есептерді онлайн әрі тегін ала алады, деп жазады Kursiv.Media. 

Жаңа қызмет «МКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» деп аталады. Оның көмегімен кәсіпкерлер компанияның кредиттік міндеттемелері, төлем тәртібі, мерзімі өткен берешегі және сақтандыру шарттары туралы ақпаратты қашықтан тексере алады. Сервис арқылы есептің үш түрін алуға болады.

Біріншісі, қолданыстағы кредиттер мен мерзімі өткен берешек туралы қысқаша мәлімет. Екіншісі, заңды тұлғаның соңғы бес жылдағы кредиттік тарихы, оның ішінде жасалған шарттар мен төлемдер туралы толық есеп. Үшіншісі – компанияның қолданыстағы және бұрынғы сақтандыру шарттары мен полистері туралы ақпарат.

Қызмет заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, сондай-ақ тиісті электрондық цифрлық қолтаңбасы бар және «Қазынашылық» ақпараттық жүйесінде тіркелген қызметкерлерге қолжетімді.

Сервисті пайдалану үшін eGov Business қосымшасындағы «Сервистер» бөліміне кіріп, қажетті қызметті таңдау керек. Одан кейін дербес деректерді пайдалануға келісім беріп, қажетті есеп түрін таңдап, жүктеуге болады. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, биыл жаңартылған eGov Business қосымшасында 124 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Ал ай сайын шамамен 46 мың кәсіпкер қосымшаны тұрақты пайдаланады.

Айта кетейік, дәл осындай сервис 2024 жылы жеке тұлғаларға арналған eGov Mobile қосымшасында іске қосылған болатын.

«Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ дерегіне сәйкес, 2025 жылы қызмет арқылы ай сайын орта есеппен 3,8 миллионнан астам сұрау тіркелген. Бұл сервис іске қосылғанға дейінгі көрсеткіштен шамамен 40 есе көп. Жаңа қызметті жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ бірлесіп іске асырды.

Тағы да оқыңыз: Бизнеске үш жылдық жеңілдік: мораторий кәсіпкерлердің мәселесін шеше ме

Сондай-ақ оқыңыз