Тоқаев Теміртаудағы трамвай қозғалысын қалпына келтіру жұмысын жоғары бағалады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртау қаласына сапарында қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесімен танысты. Президент қала үшін қоғамдық көліктің маңызын атап өтіп, Теміртауды абаттандыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты, деп жазады Kursiv.Media.
Мемлекет басшысы трамваймен Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін жүріп, жаңартылған көлік инфрақұрылымының жағдайын көрді.
Қаладағы трамвай қатынасын қалпына келтіру жұмысын Qarmet компаниясы екі жыл бұрын бастаған. Осы уақыт ішінде қоғамдық көлік 1 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған. Жоба аясында 30 шақырым трамвай жолы жөнделіп, жаңартылды. Сонымен қатар қалаға заманауи үлгідегі 8 вагон сатып алынды. Жолаушыларға қолайлы болу үшін электронды төлем жүйесі де енгізілген. Ал Qarmet қызметкерлері мен кәсіпорын ардагерлері трамваймен тегін қатынайды.
Президент компания басшылығымен әңгімелесу барысында трамвай қозғалысын қалпына келтіру қаланың дамуы үшін маңызды қадам болғанын атап өтті.
«Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – замандарды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы комбинат басшылығына Теміртауды абаттандыру мәселесіне де назар аударуды тапсырғанын еске салды. Оның айтуынша, қалада оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, тұрғындар табиғи газбен қамтамасыз етіліп, еңбек ұжымының да көңіл күйі жақсарған.
«Әлі де істелетін жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы. Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз», – деп түйіндеді президент.
Тағы да оқыңыз: Тоқаев «Халықтық құрылыс» қаржысына бақылауды күшейтуді тапсырды