Балқашқа тағы бір Амур жолбарысын жіберілді

Жарияланды
Балқаш маңына тағы бір жолбарыс жіберілді/ gov.kz

Қазақстанда жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтару бағдарламасы жалғасып жатыр.  «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына Амур есімді аталық жолбарыс жіберілді. Ол Қазақстанда жабайы табиғатқа шығарылған екінші жолбарыс атанды, деп жазады Kursiv.Media. 

Бұған дейін Үміт есімді аналық жолбарыс табиғи ортаға жіберілген болатын.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Амур Қазақстанға жеткізілгеннен кейін арнайы бейімдеу қоршауында ұсталып, мамандардың бақылауынан өтті. Табиғатқа жіберілер алдында ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтары жүргізілді. Нәтижесінде оның өздігінен аң аулап, табиғи ортада тіршілік етуге дайын екені анықталды. Жолбарыстың қозғалысын бақылау үшін оған спутниктік қарғыбау тағылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтарып қана қоймай, олардың табиғи жағдайда көбейіп, тұрақты популяция қалыптастыруына жағдай жасау.

Қазақстанға 2026 жылғы мамырда Ресейден төрт Амур жолбарысы жеткізілген. Олардың екеуі – ересек жануар, екеуі – күшік. Қазіргі уақытта күшіктер мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Олар қажетті жасқа жеткен соң табиғатқа жіберілу мүмкіндігі қарастырылады.

Жолбарыстарды қайта жерсіндіру жұмыстары 2018 жылы құрылған «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жүргізіліп жатыр. Бағдарлама аясында тоғайлы ормандар қалпына келтіріліп, жыртқыштардың қоректік қорын арттыру үшін жабайы жануарлар қоныстандырылды. Мәселен, 2026 жылғы қыркүйекте «Алтын-Емел» ұлттық паркінен резерватқа 30 құлан көшірілді.

Жоба Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы, сондай-ақ халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне де назар аударылған. Арнайы топ жолбарыстардың қозғалысын бақылап, адам мен жыртқыш арасындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алу жұмыстарын жүргізеді.

Айта кетейік, Тұран жолбарысы ХХ ғасырдың ортасында табиғи мекендеу ортасының жойылуы, қоректік жануарлар санының азаюы және браконьерлік салдарынан Қазақстан аумағынан жойылып кеткен. Қазіргі таңда генетикалық жақындығына байланысты оны қайта жерсіндіру үшін Амур жолбарыстары таңдалған.

Сондай-ақ оқыңыз